TOP-2Жаңалықтар

«Қазақ дубляжының иесі жоқ» – тіл белсендісі қазақша дубляж мәселесіне назар аударды

Қазіргі ең негізгі мәселе – қазақша дубляждың аудиториясын өсіруге жауапты ешкім жоқ.

Тіл белсендісі Жалғас Ертай «Өрмекші-адам: Жаңа күн» фильмін мысалға келтіре отырып, Қазақстандағы қазақша дубляждың қазіргі ахуалы туралы пікір білдірді. Оның айтуынша, мәселе дубляждың сапасында емес, қазақ тіліндегі нұсқаның аудиториясын қалыптастырып, оны жүйелі түрде дамытатын институттың жоқтығында. Сондықтан қазақша дубляжды қолдау мен насихаттауға мемлекет, прокатшылар, кинотеатрлар және көрермен бірдей атсалысуы қажет. Бұл туралы Tizgin.kz Жалғас Ертайдың әлеуметтік желідегі парақшасына сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Неліктен қазақша дубляж аз көріледі?

«Өрмекші-адам: Жаңа күн» фильмінің қазақша дубляжы шықты, бірақ пресейлде орысша сеанстарға 120 мыңнан көп билет, ал қазақша сеанстарға 3 мыңнан көп билет сатылған. Біреулер бұған қарап, қазақша дубляжға сұраныс жоқ деуі мүмкін. Дегенмен біз мәселеге басқа қырынан қарап көрейік, тереңірек үңілейік.  Дегенмен айтайын: «Өрмекші-адамға» барыңыздар, қазір ол өте маңызды дер едім. Қазіргі ең негізгі мәселе – қазақша дубляждың иесі жоқ. Оның сапасына жауап беретін адамдар бар. Оны көрсететін адамдар да бар. Оны жарнамалайтын адамдар да бар, бірақ оның аудиториясын өсіруге жауапты ешкім жоқ», – деп жазды ол.

«Қазақша дубляждың толыққанды даму жүйесі қалыптаспаған»

Оның айтуынша, Disney немесе басқа халықаралық студия өз фильмінің қазақша нұсқасын жасауға ақша бөледі. Ал жергілікті прокатшы оны Қазақстанда көрсетеді. Дубляж жасайтын студия оны қазақша дыбыстап береді. Кинотеатр билетін сатады. Ал белсенділер қазақша нұсқасын тегін насихаттап жүр.

«Қазіргі жүйе осындай. Бәрі өз орнында сияқты көрінеді, бірақ бұл жүйеде Қазақстандағы қазақ дубляжының аудиториясын 5 жылда екі есе өсірейік деп ешкім мақсат қоймаған. Ондай жауапкершілікті ешкім алмаған.  Былай қарасаңыз, әр тармақ өз жұмысын істеп жатыр. Сырт көзбен назар салсақ, жүйе толық әрі толыққанды емес», – дейді Жалғас Ертай.

«Прокатшылар қазақша дубляжға сенбейді»

Сондай-ақ, ол халықаралық компания қазақ нарығына сеніп ақша бөлген соң нәтиже күтетінін, бірақ прокатшы қазақ дубляжына сенбейтініні, оны өзінің өнімі санамайтынын айтты.

«Прокатшыларды да түсінуге болады. Олар идеямен өмір сүрмейді, әрине, кассаға қарайды. Сол себепті өткен фильмдердің статистикасына сүйеніп, бюджеті мен ресурсының негізгі бөлігін орысша нұсқасына бағыттайды. Нәтижесінде барлық жерде орысша жарнамасын көресіз, орысша блогерлер орысша нұсқасын жарнамалап қаптап жүреді, тіпті қазақша жазатын блогерлердің өзі орысшасына барады. Ал қазақша нұсқасының маркетингі көбіне азаматтық қоғамның, белсенділердің мойнында қалып қояды. Бұны жетістікке апаратын тұрақты модель дей алмаймын», – дейді ол.

«Қазақ көрермені де мәселенің бір бөлшегі»

Оның айтуынша, мәселенің бәрі прокатшыларда ғана емес.

«Оны да мойындау керек. Біз де, қазақ көрермені, проблеманың бір бөлшегіміз. Өзіміз де қазақша дубляжды онша менсінбейміз. Оған бала кезден қалыптасқан орыс дубляжын көріп үйренген әдетті қосыңыз. Бұрыннан орысша көріп келе жатырмын, сол себепті орысшасына барамын деген талай адамды оқыдым. Ешкімді кіналап отырған жоқпын. Қазіргі нарықтың қалай жұмыс істейтінін түсіндіріп отырмын. Яғни, орысшасына барған адамдардың көп бөлігі қазақшасына бара алатын адам еді, бірақ олар орысшасына барып жүр. Сөйтіп қазіргі қалыптасқан жүйеде тұйық цикл пайда болады.  Қазақша нұсқасының маркетингіне аз ақша жұмсайды. Оған көрермен аз келеді. Прокатшы «сұраныс жоқ» деген қорытынды шығарып, келесі фильмнің маркетингіне тағы аз ақша бөледі. Көрермен тағы аз келеді. Осылай цикл қайта-қайта қайталана береді. Ал ондай тұйық жүйені бұзғысы келетін, нақты жоспары бар, жауапкершілік арқалаған институт жоқ. Тіпті қоғамдық ұйым да жоқ. Мемлекет болса, басын құмға тыққан түйеқұс позициясына көшіп, маған бәрібір деп отыр. Қазіргі заң бойынша, бастысы қазақша субтитр болса болды дейді үкімет. Заң солай талап қояды, өзіміз сондай заң қабылдап қойдық. Өкінішті», – дейді тіл белсендісі.

«Қазақша дубляжға инвестиция салу бәріне тиімді»

Ол қазіргі қазақша дубляждың мәселесі сапада емес екенін айтты.

«Қазақша дыбыстаудың сапасы әлдеқашан дәлелденді деп ойлаймын. Басты мәселе қазақ дубляжының дамуына жұмыс істейтін институттың жоқтығына келіп тіреліп тұр. Менің ойымда ол қазақ дубляжының дамуына шынайы мүдделі кинопрокатшылар, дубляж студиялары, актерлер мен аудармашы-сценаристер қоғамы болуы керек сияқты. Содан соң, ол бірлестік алдына қойған мақсат та түсінікті болуы керек. Қазіргі мақсатымыз – әйтеуір қазақша дубляж жасай салу. Өйткені ақша бөлді. Ал болашақтағы мақсатымыз – қазақша дубляжды өзін-өзі асырайтын коммерциялық индустрияға айналдыру деу керек. Біріншісі мақсатқп жету үшін фильмнің қазақша нұсқасы ғана болғаны керек. Ал екіншісіне кіріссе, қазақша дубляждың өз аудиториясы, өз маркетингі, өз экономикасы қалыптасатын еді. Сол кезде прокатшы қазақша аудиторияны қосымша нарық деп емес, өсіп келе жатқан нарық ретінде көре бастайды. Ал мемлекет экожүйенің жұмыс істеу ережесін ойластырар еді. Бастысы – қазір аудитория мен нарық бір-біріне қарамай-қайшы көзқарас ұстанып алған, фрагменттеліп, керек десеңіз атомизациялануға кіріскен. Ал бізге керегі – прокатшының да, маркетологтардың да, насихаттаушы белсенділердің де бір бағытқа, баррикаданың бір жағына шығуы еді. Себебі, біздің проблемамыз бәрімізге ортақ», – дейді ол.

«Қазақ дубляжының иесі бәріміз болуымыз керек»

Оның айтуынша, қазақша дубляждың дамуына, оның маркетингіне ақша салу, күш салып, дамытуға тырысу – прокатшылардың да, кинотеатрлардың да қалтасына ұрмайтынын түсінуіміз керек, керісінше бәрімізге көбірек табыс алып келетінін айту.

«Кез келген дубляждың болашағын сатылған билеті анықтайды. Ал қазақ дубляжының дамуына, маркетингіне ақша бөлу – аудиторияны кері итермейді, керісінше қосымша аудиторияны кино мен кинотеатрларға шақырып келеді. Қазақша фильмдердің жинаған ақшасынан соны байқауға болады. Осыны түсінуіміз керек, түсіндіруіміз керек. Қазақ дубляжы талан-тараждың, таластың емес, ортақ істің ұйытқысы болғаны дұрыс. Яғни қазақ дубляжының иесі пайда болуы керек, ал оның иесі – тапсырыс беруші халықаралық студия да, жергілікті прокатшы да, кинотеатр да, аудитория да. Бәріміз қазақ дубляжының иесі болайық. Қазақ дубляжына барайық», – дейді ол.

Back to top button