ҰҚК Шекара қызметінің экс-басшысы Дархан Ділманов бостандыққа шықты
Төрт жылға сотталған Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің бұрынғы басшысы Дархан Ділманов жазасын өтеп шықты, деп хабарлайды Tizgin.kz KAZINFORM-ға сілтеме жасап.
ЖАЗАСЫН ТОЛЫҚ ӨТЕДІ
Ресми мәліметпен, Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі бөлісті.
“Сотталған адам сот үкіміне сәйкес қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеді. Сот тағайындаған жаза мерзімін толық өтеуіне байланысты босатылды, — деген хабар алдық қылмыстық-атқару жүйесі комитетінен.
ОЛ НЕ ҮШІН СОТТАЛДЫ
Еске сала кетсек, 2023 жылы желтоқсанда Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің бұрынғы басшысы Дархан Ділманов 4 жылға сотталған еді. Алматы гарнизонының әскери соты мәлім еткендей, ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары — Шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов пен басқа да лауазымды тұлғаларға билікті асыра пайдаланды және ірі мөлшерде пара алды деген айып тағылды.
Кейінірек оған мемлекеттік қызметте істеуге де тыйым салынды. Ол 2022 жылғы маусымда қамауға алынған. Қылмыстық іске қазақ-қытай шекарасындағы кеден бекеттеріндегі заңсыз схема түрткі болған.
Бұл істе бірқатар адамға үкім шықты. Бірі бес жылға сотталды, екінші адамға 38 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Қалған айыпталушылар үш жыл алты айдан бес жыл алты айға дейін бас бостандығын шектеу жазасын алды, бірақ олардың мүлкі тәркіленбеді.
Айта кетейік, 2022 жылы сәуірде Ділманов ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары — Шекара қызметінің директоры лауазымынан босатылды.