Блогер Қайсар Қамзаны елге әкеле жатқаны жайлы ақпарат тарады
Журналист Михаил Козачков телеграм-арнасында оқырмандары Вьетнамның Камрань әуежайынан түсірілді деген осы суретті жариялады. Оның сөзінше, 2026 жылдың қаңтарында халықаралық іздеуге жарияланған даулы блогер Қайсар Қамза Қазақстанға қайтып келе жатқанға ұқсайды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ал оның жанындағы денелі азаматтың бейнесіне сүйенсек, блогерді Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) қызметкері алып келе жатқан болуы мүмкін.
Қайсар Қамза Instagram желісінде шулы әрі даулы контенті арқылы 2 миллионнан астам оқырман жинаған. Кейін оның заңсыз жарнамадан табыс таба бастағаны айтылады. Тергеу мәліметінше, ол Қазақстанда тыйым салынған онлайн-казиноның қызметін өзі жүргізген жабық Telegram-арнасы арқылы жарнамалаған. Бұл арнада 400 мыңнан астам жазылушы болған.
Блогерді не үшін тергеп жатыр
Айта кетейік, бұған дейін Қаржы мониторингі агенттігі (ҚМА) блогер Қамза Қайсар Бақытжанұлы Вьетнамда ұсталғанын хабарлаған еді.
Полицияның мәліметінше, ол әлеуметтік желілерде онлайн-казинолардың жарнамалық бейнематериалдарын жүйелі түрде жариялап, пайдаланушыларды құмар ойындарға тартқан.
Заңсыз әрекеттерінің нәтижесінде күдікті 100 млн теңгеден астам көлемде заңсыз табыс тапқан. Ақша оның атына тіркелген криптовалюта әмиянына аударылып отырған.