ЖаңалықтарОқиға

“Маған не істей аласың”: Ақтауда жасөспірімдер оқушыны жабылып соққыға жыққан

Ақтау тұрғыны Ақтоты Ахметқызы жасөспірімдердің 14 жастағы інісін аяусыз ұрып кеткендерін айтты. Оқиға видеоға да түсірілген, деп хабарлайды Tizgin.kz Lada.kz-ке сілтеме жасап.

“Адамдыққа жатпайды”

Ақтоты Ахметқызы 4 тамызда таңертең 14 жастағы інісі 32А шағынауданындағы №10 үй маңындаңы дүкенге шыққан. Сол кезде оған шамамен 16-17 жастағы екі жасөспірім жанына барған. Жасөспірімдер інісінің телефоны арқылы сол үйде тұратын досына хабарласып, оны далаға шығарып беруді талап еткен.

“Бұл – адамдыққа жатпайтын, өте қатыгез әрекет. Мұндай қарқынмен олар адам өлтіруге дейін баруы мүмкін”, – дейді Ақтоты Ахметқызы.

“Керек болса, тағы ұрамын”

Оның айтуынша, аталған оқиғадан соң күдікті жасөспірімдер анасымен бірге 32В шағынауданындағы №8 үйде орналасқан полицияның тірек пунктіне жеткізілді.

“Кінәларын мойындамады. Тіпті тәртіп сақшыларының көзінше олардың бірі “Иә, мен оны ұрдым. Керекк болса тағы ұрамын. Маған не істей аласың?” деп, бізге де агрессивті мінез көрсетті”, – дейді ол.

Жәбірленуші Маңғыстау облыстық балалар ауруханасына жеткізіліп, компьютерлік томография мен басқа да тексерулерден өткен. Ақтоты Ахметқызы дәрігерлер баланы басынан алған ауыр жарақатына байланысты шұғыл түрде ауруханаға жатқызғанын айтқан.

Прокуратурадан көмек сұрайды

Бұдан бөлек, Ақтоты Ахметқызы полицияның тірек пунктінде арыздары қабылданбағанын алға тартты. Айтуынша, тек бірнеше сағаттан соң ғана полиция басқармасына барып, ресми түрде арыз берген.

“Полицияға, прокуратураға, денсаулық сақтау басқармасына бұл істі назардан тыс қалдырмай, кінәлілерге ең қатаң шара қолданылуын сұраймыз. Бүгін адамды соққыға жыққан олар ертең өлтіруге де баруы мүмкін”, – деді Ақтоты.

Back to top button