TOP-2Білім

Жаңа оқу жылында жаңа пәндер оқытыла бастайды

Мектеп пәндерінің мазмұны жасанды интеллект бағытында жаңартылып жатыр

Оқу-ағарту министрлігі 1-4-сыныптардағы «Цифрлық сауаттылық» пәнінің атауы «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект», ал 5-11-сыныптардағы «Информатика» пәнінің атауы «Информатика және жасанды интеллект» болып өзгертілгенін жария етті, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Министрлік не дейді

Ведомство бұл тек пән атауларының өзгеруі емес екенін айтады. Жасанды интеллект цифрлық технологиялар мен информатиканың ажырамас бөлігіне айналды. Осыған байланысты пәндердің мазмұнына жасанды интеллект бойынша жаңа бөлімдер мен барлығы 43 оқу мақсаты енгізілген.

“Бүгінде оқушылар жасанды интеллект құралдарын күнделікті өмірде қолданып жүр. Ендігі міндет – оларды бұл технологияны жай ғана пайдалануға емес, саналы, тиімді және жауапты қолдануға үйрету. 1-4-сынып оқушылары «Медиасауаттылық және ЖИ» бөлімі аясындағы 17 оқу мақсаты бойынша жасанды интеллектімен күнделікті өмірден алынған қарапайым мысалдар арқылы танысады. Олар цифрлық қауіпсіздік, жеке деректерді қорғау және цифрлық ортадағы жауапты мінез-құлық негіздерін меңгереді”, – делінген хабарламада.

Академиялық қағидаттарды сақтауды үйренеді

Сонымен қатар 5-9-сынып оқушылары «Компьютерлік ойлау және бағдарламалау», «Денсаулық, қауіпсіздік және ЖИ» бөлімдері аясындағы 14 оқу мақсаты бойынша жасанды интеллект құралдарын оқу процесінде тиімді қолдануды, сауатты сұраныстар құрастыруды, алынған нәтижелерді сыни тұрғыдан бағалауды, сондай-ақ киберқауіпсіздік пен академиялық адалдық қағидаттарын сақтауды үйренеді. 10-11-сыныптарда «Деректерді басқару және жасанды интеллект» бөлімі аясындағы 12 оқу мақсаты бойынша жасанды интеллектінің жұмыс істеу қағидаттарын түсінуге және оны практикада қолдануға басымдық беріледі. Оқу мазмұнына машиналық оқыту, нейрондық желілер, деректерді талдау және қолданбалы криптография негіздері енгізілген.

Жаңартылған оқу бағдарламалары өткен оқу жылында апробациядан сәтті өтіп, оң сараптамалық қорытынды алды. Қазіргі уақытта олар белгіленген тәртіппен бекітілу сатысында тұр.

Back to top button