“Фильмдерімді өшіріп тастадым”: Нұртас Адамбай АҚШ-та көзқарасы өзгергенін мәлімдеді
Қазақстанның актері әрі продюсері Нұртас Адамбай ер-азаматтар әйел киімін киіп ойнаған барлық фильмдерін өшіріп тастағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
“Кино Солидарность” YouTube-арнасына берген сұхбатында ол АҚШ-қа көшкенін айтып, өміріндегі көп жайтты қайта саралағанын мойындады. Адамбай ресми дереккөздердің бәрінен кейіпкерлері әйел киімін киіп шығатын фильмдерін өшіру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.
“Шекараға қатысты… Мен бұған дейін басқа пікірде болатынмын, бірақ адамның көзқарасы өзгеруі мүмкін. Өзім түсірген ол фильмдерге келсек, шынымды айтсам, оларды өшіріп тастадым, ресми түрде олар еш жерде жоқ. Мүмкін біреулер рұқсатсыз бір жерлерде жүктеп жүрген шығар, бірақ ресми түрде бұл фильмдер еш жерде жоқ, өйткені мен өз пікірімді өзгерттім. Бүгінгі таңда ер азамат әйел киімін киетін мұндай киноны түсірмеген де, көрсетпеген де дұрыс деп есептеймін. Бұрын табандап өз дегенімді дәлелдеп бақсам да, бұл мәселеде өз көзқарасымды өзгерттім”, – деді Адамбай.
Ол сондай-ақ мемлекет теледидардан және кинотеатрлардан не көрсетіліп жатқанын қадағалап, шешім қабылдауы тиіс екенін айтты. Бұдан бөлек, ол фильмдер қылмысты дәріптемеуі керек екенін мәлімдеді.