ЕрекшеОқиға

«Қаскөйлер тоғанды ашып жіберген»: Таразда ондаған үйдің жертөлесі мен ауласына су жайылды

Оқиғаға не себеп болғанын арнайы комиссия тексеріп жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Журналист Нурадин Рақайдың жазуынша, түн бата топалаң судың астында қалған тұрғындардың үрейі ұшған. 30 баспананы басып қалған.

Күн ашықта мұндай мөлшердегі тасқынның қайдан келгенін әу баста ешкім білмеді. Сөйтсе Үшбұлақ каналының шлюзін қаскөйлер қасақана ашып жіберген деген сыбыс бар. Рас өтірігін полиция департаменті анықтар. Ал апат болған жерге облыс әкімі бармағаны қалай? Жалпы су қоймадарын қараусыз қалдыруға бола ма? Сұмдық қой мынау, – деп жазады ол.

Тараз қаласы әкімінің кеңесшісі Нұрдос Сембековтің жазуынша, ағын су 30 тұрғын үйдің ауласына сондай-ақ 2 жертөлеге кірген.  Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, қала әкімі Бақытжан Орынбеков, төтенше жағдайлар департаментінің және жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары шұғыл оқиға орнына барып жағдайды бақылауға алған. Алдымен шлюздерді жабу арқылы су ағыны тоқтатылған. Төтенше жағдайлар департаментінің және «Жамбыл-Су» мекемесінен 25 адам, 12 арнайы көлік пен техникалар жұмылдырылып, аулалар мен жертөлелерге кірген су сорып алынды. Ал тұрғын үй ішіне су кірген жоқ.

Тараз қаласы әкімінің шешімімен арнайы комиссия тобы құрылған. “Су басу салдарынан зақымданған жағдайларды анықтау бойынша зерделеу жұмыстары жүргізіліп, нақты шаралар қабылданатын болады”.
Tizgin.kz тілшісі Жамбыл облыстық полиция департаментіне хабарласқан. Материал жарияланғанша жауап келген жоқ.
Back to top button