ШҚО-дағы дауылдың салдары: өңір басшысы жағдайды жеке бақылауына алды
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қала және аудан әкімдеріне қолайсыз ауа райының салдарын жедел жоюды, тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуді және барлық апаттық-қалпына келтіру жұмыстарын ерекше бақылауға алуды тапсырды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Берілген тапсырмалардың орындалуы облыс әкімінің жеке бақылауында болды.

Найзағай, екпінді жел, нөсер жаңбыр және кей жерлерде жауған бұршақ салдарынан өңірдің бірқатар елді мекенінде электр энергиясының уақытша өшуі, ағаштардың құлауы және табиғи құбылыстың өзге де салдары тіркелді.

Қалпына келтіру жұмыстарының ең ауқымды бөлігі Өскемен қаласында жүргізілді. Табиғи апат салдарын жоюға 270 адам мен 41 бірлік арнайы техника жұмылдырылды. Коммуналдық және авариялық қызметтер электрмен жабдықтау жүйесін қалпына келтіріп, көшелер мен аулаларды құлаған ағаштардан тазартты, жаңбыр суын сорып шығару және нөсер кәріздерін тазарту жұмыстарын жүргізді.

Қолайсыз ауа райының салдары Глубокое ауданында да тіркелді. Ондағы бірнеше елді мекенде қатты жел электр беру желілеріне зақым келтірді. Апаттық бригадалар қалпына келтіру жұмыстарына жедел кірісіп, негізгі зақымдардың басым бөлігін қысқа мерзімде жойды.
Қолайсыз ауа райының салдарын жою жұмыстары жедел түрде ұйымдастырылып, өңір басшысының тұрақты жеке бақылауында болды.