Тергеу

Англияға жұмысқа орналасу үшін 60 млн теңге берген азаматтар алданып қалды

Көкшетау полицейлері шетелге жұмысқа орналастыруға байланысты алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. Бұл туралы Ақмола облысы полиция департаменті хабарлады.

Әңгіме неден басталды

Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, Көкшетау қалалық полиция басқармасының қызметкерлері қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі («алаяқтық») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр. Тергеу мәліметіне сәйкес, күдікті 2023 жылдан 2026 жылдың қаңтарына дейін әлеуметтік желілер арқылы азаматтарға Ұлыбританияға жұмысқа орналастыру қызметін ұсынған.

«Ол виза рәсімдеу, медициналық сақтандыруды жасау, биометриялық рәсімдерден өткізу және басқа да қажетті құжаттарды дайындау сылтауымен азаматтардан ақша алған. Алайда өзіне алған міндеттемелерін орындамаған. Қазір қылмыстық іс бойынша 93 адам жәбірленуші деп танылды. Алдын ала мәлімет бойынша келтірілген жалпы материалдық шығын көлемі шамамен 60 миллион теңгені құрайды. Ақша қаражаттары қолма-қол да, банк аударымдары арқылы да берілген», – деп хабарлады Ақмола облысы полиция департаменті.

Тергеу барысында барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп, күдіктіден жауап алынған. Оған қатысты бұлтартпау шарасы ретінде үйқамақ түрі таңдалды.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Полицейлер оқиғаның барлық мән-жайын және осы іске қатысы болуы мүмкін өзге де жәбірленушілерді анықтап жатыр.

Back to top button