“Мені қаралағандар заң алдында жауап береді”: жылқышымен соттасқан кәсіпкер мәлімдеме жасады
Рахат Сәрсенов атты азаматқа 33 жыл бойы малын бақтырып, кейін оны «малымды ұрлады» деп сотқа берген кәсіпкер Тәжіғали Елеуов мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Кәсіпкер не дейді
Тәжіғали Елеуов кешеден бері желіде тарап жатқан дау-дамайдан кейін өз пікірін білдіруді жөн көрген. Рахат Сәрсенов мал шаруашылығын бастаған кезде бақташы етіп жұмысқа алғанын айтады.
“Біз бірге біршама жыл еңбек еттік. Жұмыс барысында оның араққа салынғанына да, 5-6 бас жылқының жоғалып кеткеніне де көз жұма қарап, кешіріммен қарадым. Алайда, соңғы жағдайда ол ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, менің аса үлкен көлемдегі малымды сатып жіберген. Қазір ол топтың мүшелері заң алдында жауап беріп, түрмеде жазасын өтеп жатыр. Ал Рахаттың өзі де мал сатумен айналысқан болса да, серіктестері оны атамай, жауапкершіліктен құтқарып қалған еді», – дейді Елеуов.
Кәсіпкер өз малын ұрыдан қайтаруды талап ету толығымен заңды дейді. Сөзінше, соттың заңды күшіне енген үкімі дәлел. Сот шешімімен Рахат Сәрсенов қылмыскер деп танылған.
“Алайда, қазір басты қылмысты жасыру үшін «Сәрсенов толық ақталып шықты» деп халықты адастырып, оны зардап шеккен «халық қаһарманы» етіп көрсетуге тырысып жатыр. Мен жастайымнан қара жұмысқа араласып, еңбекпен өскен адаммын, шаруадан қорықпаймын. Менде блогерлер сияқты сөз таластыратын мүмкіндік пен шеберлік жоқ. Соны пайдаланып, олар мені халыққа жаман көрсеткісі келеді. Менің мақсатым – ақталу емес. Ескертетерім, Instagram арқылы арзан абырой мен табыс тауып жүргендерге еріп, мені қаралап жатқандардың үстінен заңгерлерім заң жүзінде шара қолданады», – деді ол.
Кәсіпкер жағдайдың анық-қанығын білмей, маған сөз тигізіп жатқан бейтаныс адамдарға өкпем жоқ екенін айтты. «Бірақ өмір бойы менің малымды тегін жеп, 40 жас мерейтойын жасап, 4 баласын үйлендіріп, түрмеден құтқарған менің жақсылығымды білмеген адамға не айтасың», — деді ол. Еске салсақ, осыған дейін Рахат Сәрсеновтың оқиғасы желіні дүр сілкіндірді. 33 жыл кәсіпкердің малын баққан кісіні сот ақтап шықты. Оған кәсіпкер пәтер сыйлап, Қазақстанға танымал тұлға болды.
Рахат Сәрсеновке қандай үкім шықты
Ақтөбе облысында жылқы ұрлады деген айыппен 7 жылға бас бостандығынан айырылған табыншы Рахат Сәрсенов апелляциялық соттың шешімімен сот залынан бірден босатылған еді. Облыстық сот Мұғалжар аудандық сотының үкімін қайта қарап, Сәрсеновтің әрекетін қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінен осы баптың 1-бөлігіне қайта саралаған. Ақыры оған 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Кейін рақымшылық туралы заңға сәйкес жаза 3 айға дейін қысқартылып, қамауда болған уақыты есепке алынғандықтан, сотталған азамат бірден бостандыққа шықты.
Сондай-ақ сот жәбірленуші тараптың азаматтық талабын ішінара қанағаттандырып, келтірілген материалдық шығын көлемін 600 мың теңге деп белгіледі.
Тергеу барысында Рахат Сәрсеновке 100 бас жылқыны жымқырды деген айып тағылған. Алайда апелляциялық сатыда ұсынылған қосымша дәлелдерден кейін іс қайта қаралып, нақты шығын бір жылқының құнына тең екені анықталған. Қорғаушысының айтуынша, Сәрсенов 1993 жылдан бері жергілікті шаруа қожалығында табыншы болып жұмыс істеген. Ұзақ жыл еңбек еткен ол инсульт алып, денсаулығына байланысты қиын жағдайға тап болған. Үкім жарияланған сәтте сот залында болған туыстары көз жасына ерік берді. Табыншы 7 жылдық жаза күшін жойғаннан кейін сот залынан бірден бостандыққа шықты.