Спорт

Астанада әйгілі ПСЖ футбол клубының академиясы ашылады

Франциядағы атақты “Пари Сен-Жермен” клубының PSG Academy Kazakhstan футбол академиясы енді елордада ашылады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Қысы-жазы жаттығуға болады

Осы арқылы Қазақстан PSG Academy халықаралық желісіне қосылған 24-ші мемлекет атанды. FIFA талаптарына сәйкесетін жабық футбол алаңы жас футболшыларға қысы-жазы тұрақты жаттығу өткізуге мүмкіндік береді.

Академия алдымен 6-14 жас аралығындағы 300-ге жуық ұл-қызды қабылдайды. Футболшылар жас ерекшелігі мен дайындық деңгейіне қарай топтарға бөлініп, “Пари Сен-Жерменнің” ресми оқу-жаттығу әдістемесіне сәйкес дайындалады.

PSG Academy Kazakhstan жобасының негізін қалаушы Алмас Әлсенов академияның басты мақсаты – балаларға әлемдік деңгейдегі футбол даярлау жүйесін қолжетімді ету екенін алға тартты.

Жобаның мақсаты қандай

Жоба отандық жаттықтырушылардың кәсіби біліктілігін арттырып, балаларын футболын ілгерілетуге мүмкіндік бермек. Академияда еңбек ететін бапкерлер PSG Academy бағдарламасы аясында арнайы даярлықтан өтіп, ПСЖ клубының техникалық мамандарынан тұрақты әдістемелік қолдау алып тұрады.

Кейінгі жылдары Қазақстанда балалар футболына қызығушылық артып, спорт инфрақұрылымы қарқынды дамып келеді. Алдағы уақытта жобаны елдің басқа аймақтарында да ашу жоспарланып отыр.

Back to top button