Қоғам

“Ол майдан даласында жалғыз қалды”: Баян Алагөзова Аша Матайға ара түсті

Белгілі продюсер Баян Алагөзова жиені Ақбота Асқарбекова айтылып жатқан сынға жүрегі ауыратынын айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

“Мен өзімнің анализім мен пікірімді айтқым келеді. Екі аптадан бері менің жиенім Ақбота Асқарбековаға қарсы бір қарасаң жоспарланған хейт кетіп жатқан сияқты. Маған әлбетте, жиенім үшін өте ауыр. Себебі мен оны жақсы көремін. Ол хейтке мені де қосып жатқандықтан, мен жиенімнің саяси амбициясына ешқандай қатысым жоқ екенін айтқым келеді. Ол жаңалықты елмен бірге білдім. Ол жаңалық мен үшін де үлкен тосынсый болды”, – дейді ол.

Баян Алагөзова әйелдер құқығына көзқарасын көпшілік білетінін, көптен бері тең құқық үшін күресіп келе жатқанын, екі оңалту орталығын ұстап отырғанын айтты. Сонымен қатар, Ақбота Асқарбекова мәлімдемесін дұрыс емес деп есептейтінін айтты.

“Бірақ бұл менің пікірім. Егер шындық туралы айтар болсақ, әйелдер көптеген отбасыда тегін жұмыс күші саналады. Әйел екінші сортта жүр, ал біз патриархалды әлемде өмір сүріп жатырмыз. Бұл ащы шындық. Алысқа барудың қажеті жоқ. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жайттарын, еркектердің қарым-қатынасы қандай екенін білеміз”, – дейді ол.

Продюсер өз кезегінде Аша Матайдың шығармашылық өнеріне еш қатысы жоқ екенін, оның жеткен жетістіктері өз еңбегі екенін атап өтті. Сондай-ақ, өз саласында биікке жеткен адам неге лайықты депутат бола алмайды деген сұрақты Баян Алагөзова ортаға тастады.

“Әртістер мен әншілерді оныншы “планға” ысырып, қоғамда олар лайықты депутат бола алмайды деген пікірді кімдер көтерді? Демек, заңгер мен мұғалім, дәрігер депутат бола алады екен де, хейтерлердің пікірінше, олар заң мен бюджеттің бәрін біледі екен. Ал мәдениет өкілдерінен “заңды білесің бе?” деп сұрауға болады екен”, – дейді ол.

Продюсер әртістер бюджет пен заңдарды қалыптастыруда “екінші сортты” адам деу артық екенін жеткізді. Сонымен қатар, продюсер депутатта ең алдымен халқына деген махаббат болуы керек деп санайды.

“Қазіргі кішкентай нәзік қызды бәрі жерден алып, жерге салып жатыр. Ешкім оның екі баланың анасы екенін ешкім ескермейді. Қазір Боташа жеке өміріндегі ауыр күндерді өткеріп жатыр. Қазір оған осының бәрі өте ауыр. Ол майдан даласында жалғыз қалды. Оған қарсы қаншама хейтер шықты. Ол депутат бола ма, жоқ па – мен оны жақсы көремін. Маған оның саяси амбициясы еш қызық емес. Мен оны қалай бар – солай жақсы көремін”, – дейді ол.

Болмай қалған дебат

Бұған дейін белгілі заңгер Мейірман Шекеев “өз тағдырымызды солардың қолына ұстатайын деп отырмыз” деп пікір білдіріп, Аша Матайды дебатқа шақырған еді.  Заңгер елдегі заңдардың біршамасымен келіспей, оларды қисық деп атады. Сол құжаттарды түзеу енді әншілердің міндетіне жүктелгелі отырғанымен заңгер келіспейді.

Алайда әнші “тәрбием жібермейді” деп дебатқа шығудан бас тартқан. 

Back to top button