Өнерпаздарды айыптап, қыз-келіншектерді кемсіту қателік – ҚМДБ мәлімдеме жасады
«Музыка – харам, ал әншілер – шайтанның азаншысы» деген мазмұнда тойда пікір білдірген адамның сөзі әлеуметтік желіде кеңінен тарап, қоғам арасында түсінбеушілік туғызып жатыр. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы сөздерден кейін мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Діни басқарма не дейді
Басқарма Ислам діні даналықпен насихат айтуға, өзгелерді ауыр сөзбен айыптамауға, біреудің ар-намысына құрметпен қарауға үндейтінін еске салады. Сондықтан қандай да діни мәселеге қатысты өнер өкілдерін жалпылама айыптау немесе оларға ауыр сипаттама беру дұрыс емес дейді. Сонымен қатар аналарымызды, қыз-келіншектерді бейәдеп сөзбен кемсіту де өрескел қателік деп санайды.
“Адамды арсыздыққа, азғындыққа және шариғат тыйым салған істерге үндейтін әндерді дініміз құптамайды. Алайда дініміз бен дәстүріміздің асыл құндылықтарын дәріптейтін, Отанды қорғауға, ата-ананы қадірлеуге үндейтін, адамгершілік пен ізгілікке шақыратын әндерге рұқсат берілетіні жайында Ислам ғалымдарының пікірі бар. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі мұсылман қауымын, барша халықты әрқашан өзара құрметке, парасатқа, көркем мінезге және бірлікке үндеп келеді. Осы ретте тағы да ел азаматтарын сөз жауапкершілігіне ден қоюға, діни мәселелерде тек ресми діни қызметтегі білікті ғалымдардың түсіндірмесіне сүйенуге және қоғамның ауызбіршілігін сақтауға шақырамыз. Алла Тағала халқымыздың ауызбіршілігін арттырып, рухани тұтастығын бекем еткей”, – делінген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының хабарламасында.
Әңгіме не жайлы
Еске салсақ, әлеуметтік желіде «Тойда музыканы тыйып, еркек пен ұрғашыны бөлек отырғызу керек. Әнші – шайтанның азаншысы» деген той қонағының пікірі қоғамның наразылығын тудырды.
«Аллаға шүкір, тойларда арақ деген бәледен құтылдық, бірақ екі нәрсе бар, құрметі тамада! Біріншісі, мына музыка деген бәледен құтылуымыз керек. Бұл – шариғатқа түк сай келмейді. Екіншісі, еркектер мен ұрғашылар бірігіп отыруға болмайды. Тамада, сенің құлағыңа алтын сырға: Алланың алдына барғанда бәрібір жауап береміз. Мына әншілер маған ренжімесін, оларды «шайтанның азаншысы» деп атайды», – деді тойдың қонағы.
Осыдан кейін Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин тойда музыканы тыйып, ерлер мен әйелдерді бөлек отырғызу керек деп тойда сөйлеген ер адамға қатысты пікір білдіріп, Қазақстан зайырлы мемлекет екенін еске салды.