2015 жылы Қазақстан аумағына сырттан негізінен бензинмен жүретін, Жапония мен Еуропада, Ресейде өндірілген көліктер әкелінсе, 2025 жылға қарай Қытайдан әкелінетін автомобильдер қарқынды көбейіп, электрлі және гибридті модельдер жеке сегмент ретінде қалыптаса бастады. Tizgin.kz бұл мақалада Қазақстан нарығында кейінгі жылдары автокөлік нарығы қалай өзгергенін зерттеп көрді.
Автокөлік нарығы қалай өзгерді
Қазақстанда тіркелген көліктердің негізгі бөлігі әлі де бензинмен жүреді. Дегенмен кейінгі он жылда балама қуат көздерін пайдаланатын автомобильдердің саны бұрын-соңды болмаған қарқынмен артып жатыр.
2015 жылы елге бар болғаны 53 электромобиль әкелінсе, 2025 жылы олардың саны 12,7 мыңнан асты. Сонда он жыл ішінде электр көліктерінің паркі 240 еседен астам өскен. Осы кезеңде гибридті автомобильдер саны да бірнеше ондаған есе көбейіп, Қазақстан нарығында тұрақты орын ала бастады.
Мемлекеттік кірістер комитетінің статистикасына сүйенсек, 2015 жылы Қазақстанға 11 475 жеңіл автокөлік импортталған. Оның жалпы құны 246,4 млн доллар болған. Ал 2025 жылы импорт көлемі 229 980 автомобильге жетіп, құны 2,77 млрд долларға дейін өсті. Осылайша, он жыл ішінде жеңіл автокөлік импорты саны жағынан 20 есе, ал құны бойынша 11,2 есе ұлғайды.
Бір қызығы, импорттың ақшалай көлемі саны сияқты жылдам өскен жоқ. Соның нәтижесінде бір импортталған автомобильдің орташа кедендік құны 21,5 мың доллардан 12 мың долларға дейін төмендеген. Басқаша айтқанда, Қазақстанға бұрынғыға қарағанда әлдеқайда көп, бірақ бағасы салыстырмалы түрде қолжетімді автомобильдер келе бастаған.
2015 жылы қозғалтқыш көлемі 1,5-3 литрлік 7 568 жеңіл автомобиль импортталса, 2025 жылы олардың саны 67 268-ге жеткен. Яғни өсім шамамен 9 есе болды.
Ал 1-1,5 литрлік қозғалтқышы бар автомобильдердің импорт көлемі 2015 жылғы 1 738 данадан 2025 жылы 57 433 данаға дейін өсіп, 33 есеге жуық артқан. Бұл қазіргі нарықта шағын көлемді, жанармайды аз тұтынатын модельдерге сұраныстың артқанын көрсетеді.

Ал қозғалтқыш көлемі 3 литрден жоғары автомобильдер бұрынғысынша аз импортталады. 2025 жылы мұндай көліктердің саны бірнеше жүз данамен ғана шектелді. Демек, нарық қымбат әрі ірі қозғалтқышты модельдерден гөрі үнемді автомобильдерге бет бұрған.
Импорт географиясы қалай өзгерді
Импорт географиясы да түбегейлі өзгерді. 10 жыл бұрын Қазақстанға келетін көліктердің басым бөлігі Жапония, Ресей, Германия, АҚШ және Оңтүстік Кореяда өндірілсе, бүгінде жағдай өзгеше. Қытай ең ірі жеткізуші елге айналды. 2025 жылғы импорт құрылымында қытайлық автомобильдердің үлесі басым болып, Корея мен Жапониядан келетін көліктердің көлемінен бірнеше есе асып түсті. Бұл үрдіс бір жағынан қытайлық автоконцерндердің жаһандық экспансиясымен, екінші жағынан олардың бағасының тиімділігімен байланысты.
Отандық өндірістің үлесі де айтарлықтай кеңейді. 2015 жылы Қазақстанда 12,8 мың жеңіл автомобиль құрастырылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 134,2 мыңға жетті. Яғни жергілікті құрастыру көлемі он жыл ішінде 10 еседен астам ұлғайған. Ал сырттан елге 229,9 мың жеңіл автомобиль әкелінді. Бұл «отандық өндіріс» көлемінен шамамен 1,7 есе көп.
Түйіндесек, кейінгі он жыл Қазақстан автонарығын түрлендірді. Электромобильдер мен гибридтердің қарқынды көбеюі, Қытайдың негізгі жеткізушіге айналуы, шағын қозғалтқышты модельдер үлесінің күрт артуы және импортталатын автомобильдердің орташа бағасының төмендеуі елдегі автопарктің жаңа кезеңге өткенін көрсетеді. Бұрын қазақстандықтар көбіне Еуропа мен Жапонияда шығарылған дәстүрлі автомобильдерді таңдаса, қазір бағасы қол жетерлік, технологиялық және экологиялық тұрғыдан жаңа буын көліктеріне жататын сегментке ойысып келеді.