Міндетіміз – диагноз қою емес, түсіну: «Жасөспірім шақтың дерті» кітабына шолу
Бұл кітап балалар мен жасөспірімдердің психикалық дамуын, олардың отбасымен қарым-қатынасын және психоаналитикалық емдеу ерекшеліктерін зерттеуге арналған.
Балалар психиатры, жасөспірімдер психикасын 30 жыл бойы зерттеумен айналысқан француз психоаналитигі Мишель Венсан жасөспірімдік кезеңді жай ғана «қиын шақ», мәселелер жиынтығы, жай ғана биологиялық өсу кезеңі емес, тұлғаның қайта құрылуы жүретін күрделі психикалық процесс екенін айтады. Осы кезеңде күйзеліс, мазасыздық, қарым-қатынас қиындықтары немесе мінез-құлықтағы өзгерістер жиі кездеседі және оларды баланың ішкі психикалық әлемімен байланыстыра қарастыру қажет. Tizgin.kz тілшісі оның ең танымал еңбегі «Жасөспірім шақтың дерті. Жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен клиникалық жұмыс» кітабына шолу жасайды.
Ата-ана үшін «дені сау бала» деген…
«Жасөспірім шақтың дерті» кітабының атауындағы «дерт» сөзі психикалық ауытқушылық дегенді білдірмейді. Бұл – адамның осы кезеңде бастан кешіретін терең әрі күрделі ішкі психикалық өзгерістерін бейнелейтін теңеу.
Кітаптың алғысөзінде психоаналитик Реми Пуйело бұл еңбектің басты ерекшелігі – теорияның клиникалық тәжірибеден туындайтынын атап өтеді. Автордың айтуынша, жасөспіріммен жұмыс істеу ересек адаммен жұмыс істегенге қарағанда басқашалау болады. Бір жағдайда ол жасөспіріммен кушетка арқылы талдау жүргізсе, келесі жағдайда бетпе-бет жұмыс істейді, кейде психодрама жүргізушісі, кейде кеңес беруші ретінде әрекет етеді. Маман осылайша белгіленген кәсіби қағидаларды сақтай отырып жағдайды бағалап, баланы түсініп, қажет болған жағдайда басқа маманға бағыттай алады.

Бала немесе жасөспіріммен жүргізілетін кез келген жұмыс оның отбасымен тығыз байланысты жүзеге асады. Психоанализдің негізін қалаушы Зигмунд Фройд бұл туралы 1920 жылы «Әйел гомосексуалдылығының бір жағдайының психогенезі» атты еңбегінде он сегіз жастағы қыздың жағдайына қатысты былай деп жазған:
«Ата-аналар баласының емделуін талап етеді… Олар «дені сау бала» деген сөзді айтқанда ата-анасына қиындық туғызбайтын, өзіне ыңғайлы бала болу дегенді меңзейді… Маман баланы емдеуі мүмкін, бірақ емделгеннен кейін ол өз жолымен бұрынғыдан да батылырақ жүруі ықтимал, сонда ата-анасы бұрынғыдан да көбірек наразы болады. Сондықтан жасөспірім психоанализге өз еркімен келді ме, әлде біреудің ықпалымен келді ме, өзгерісті өзі қалай ма, әлде оны жақсы көретін туыстары (немесе жақсы көруі тиіс адамдар) соны қалап отыр ма – осының бәрі маңызды».
Кітаптың үш негізгі бөлімі
- Бірінші бөлімде алғашқы сұхбат, баламен және оның ата-анасымен сенімді қарым-қатынас орнату, психоаналитиктің рөлі және терапияның басталуы қарастырылады.
- Екінші бөлімде клиникалық мысалдар арқылы психикалық өзгерістердің қалай жүретіні талданады.
- Үшінші бөлімде жасөспірімдік кезеңнің психикалық құрылымы, нарциссизм, Эдип кешені, тұлғалық сәйкестік және психикалық даму туралы автордың теориялық көзқарастары ұсынылады.
Бұл жолы кітаптың бірінші бөлімінің жартысына қысқаша шолу жасаймыз.
Баланы түсіну үшін отбасын түсіну қажет

Автордың негізгі идеяларының бірі – жасөспірімдік шақ тек әлеуметтік құбылыс емес. Ол адамның психикалық қайта құрылуы жүретін әмбебап кезең. Пубертаттағы биологиялық өзгерістер тұлғаның ішкі әлемімен тығыз байланысып, оның психикалық дамуына әсер етеді.
Кітапта психоаналитиктің міндеті тек баламен жұмыс істеумен шектелмейтіні ерекше айтылады. Баланың психикалық әлемі отбасының ішкі динамикасымен тығыз байланысты болғандықтан, ата-анамен жұмыс та терапияның маңызды бөлігі саналады.
Ал сыртқы әлемге келетін болсақ, біз ата-анамен және баламен бірлесе отырып, терапиялық жұмыстың шекарасын сақтауға міндеттіміз. Бұл ең алдымен әңгімелесушілерімізге сөз беруді, олардың өз өмір тарихынан маңызды жайттарды өз еркімен айтуына мүмкіндік жасауды білдіреді.
Психоаналитик неге пациентті бірден түсінуге асықпауы керек?
Кітаптың бірінші тарауында автор баламен және оның отбасымен алғашқы кездесулердің қаншалықты маңызды екенін түсіндіреді. Бірақ ол алғашқы әсер ешқашан толық шындық болмайтынын ерекше атап өтеді.
Әңгіме басталмай тұрып-ақ психоаналитик отбасының кабинетке қалай кіргенін, ата-ананың баламен қалай қарым-қатынас жасайтынын, сондай-ақ өзінің бойында қандай сезімдердің пайда болғанын бақылайды.
Кейбір отбасылар маманға еркіндік пен жеңілдік сезімін сыйлайды. Мұндай жағдай көбіне невротикалық бұзылыстарға тән. Ал кейбір кездесулерде психоаналитик күшті мазасыздықты немесе ішкі қысымды сезінеді. Бұл психиканың тереңірек бұзылыстарын көрсетуі мүмкін. Тағы бір жағдай бар: сырттай тыныш көрінгенімен, отбасы эмоциялық тұрғыда бос кеңістік пен жансыздық әсерін қалдырады. Автор мұны «өлімге бағытталған нарциссизмнің» көрінісімен байланыстырады.
Психологтың өзіне жеке терапия керек
Осындай клиникалық тәжірибені қалыптастыру үшін психоаналитиктің ұзақ жылдық жеке терапиядан өтуі өте маңызды. Бұл оған өзінің сол сәттегі ішкі күйінен туындаған сезімдерді пациентке таңып жібермеуге мүмкіндік береді.
Неліктен асығыс қорытынды жасауға болмайды?

Венсан алғашқы әсердің маңызды екенін жоққа шығармайды, бірақ ол қорытындыға келу үшін ешқашан жеткілікті болмайды. Терапия барысында кейбір бөлшектер өз маңызын жоғалтса, енді біреулері керісінше негізгі орынға шығады. Сондықтан психоаналитик мүмкіндігінше тез диагноз қоюға немесе бәрін бірден түсіндіруге ұмтылмауы керек. Оның басты міндеті – баланың да, ата-ананың да ішкі әлемін біртіндеп түсіне бастау.
Автордың айтуынша, кез келген маман отбасының өмірбаянындағы маңызды деректерді мүмкіндігінше ертерек білгісі келеді, алайда мұндай ұмтылыс тек кәсіби қажеттілікпен ғана емес, психоаналитиктің өз нарциссизмімен де байланысты болуы мүмкін. Яғни нәтижеге тезірек жетуге, өзінің кәсіби мүмкіндігін дәлелдеуге деген ішкі тілек әсер етеді. Маман қанша қалап тұрса да бұл процесті қолдан жеделдету мүмкін емес.
Адам туралы ең маңызды ақпарат терапияның басында емес, бірнеше айдан, тіпті бірнеше жылдан кейін ғана ашылуы да мүмкін. Мишель Венсанның пікірінше, мәселе адамның әдейі бір нәрсені жасыруында емес. Көп жағдайда ол өз басынан өткен ең ауыр тәжірибелері туралы айтуға дайын болмайды.
Жұмыс тек баламен ғана емес, ата-анамен де жүргізіледі
Автор ата-анамен жұмысқа ерекше назар аударады. Олардың міндеті психоаналитикке өміріндегі барлық ақпаратты бірден айтып беру емес.Ең маңыздысы – белгілі бір ақпараттың терапия барысында қалай және не себепті дәл сол сәтте ашылғанын түсіну.
«Асықпаңыз»

Венсанның пікірінше, ата-анамен жұмыстың мақсаты – олардың қателіктерін іздеу емес, қайта олардың өмірлік күшін қалпына келтіруге және баласына тірек болу қабілетін нығайтуға көмектесу. Мысалы, невроз күйдегі адам маңызды нәрсені айтпай қояды, ал психоз күйдегі адамнан айқайлау, бақылаудан шығу байқалады. Сондай-ақ, нарциссистік патология кезінде адам ұзақ әрі қасақана үндемей қояды. Мұның бәрі әртүрлі психикалық қақтығыстардың көрінісі.
Сондықтан біз өз пациенттерімізге де, өзімізге де бір ғана талап қоя аламыз: «Асықпаңыз.» Біз уақыттың шектеулі екенін де жақсы түсінеміз. Қоғам бізден кейбір шешімдерді кешіктірмей қабылдауды талап етеді. Балаларды мектепке орналастыру мәселесі – соның айқын мысалы.
Қазіргі медицинада бір ғана маманның пікірі жеткіліксіз саналады, сондықтан бірнеше маманның көзқарасын біріктіру қалыпты тәжірибеге айналды. Психоаналитикалық жұмыста да дәл осылай. Бір адамның өзі әртүрлі уақытта жасаған бақылаулар кейде бірін-бірі толықтырса, кейде бір-біріне қайшы келуі мүмкін. Кей жағдайда баланың психикалық қиналысы ауыр болғаны соншалықты, оны әрі қарай бақылау және емдеу үшін уақытша ата-анасынан бөлуге тура келеді. Мұндай жағдайда арнайы емдеу мекемесіне орналастыру барлық отбасы мүшелерінің қайғысын күшейтеді. Бірақ дәл осы ауыр кезең психикалық құрылымдарды түсінуге қажетті маңызды материалдың пайда болуына мүмкіндік береді. Ал мұндай құрылымдық жұмыс баланың бүкіл өмір тарихының мағынасын біртіндеп қалпына келтіруге көмектеседі.
Біз баланың ата-анасын ешқашан толық тани алмаймыз
Психоанализде мақсат – жасырын фактіні тезірек анықтау емес, оған жетуге кедергі болып тұрған психикалық қорғаныс механизмдерін түсіну.
Біз күту бөлмесіне алғаш кіріп, баламен және оның ата-анасымен кездескенде оларды танып тұрғандай әсер аламыз. Бірақ бұл – сол сәтте пайда болатын иллюзия ғана. Адамның психикалық аппараты бұл қарапайым құрылғыдан әлдеқайда күрделі. Сондықтан ата-ананы тану тек олардың өмірбаянын білумен шектелмейді. Ол – бізді олардың ішкі әлеміне жеткізетін психикалық процестерді түсінуге бағытталған ұзақ жол. Осы тұрғыдан қарағанда, психоаналитик ата-ананы толық білмейтінін мойындауға дайын болуы керек.
Тараудың соңында автор маңызды қорытынды жасайды: психоаналитик ата-ананың ішкі әлемін толық танып-білемін деп ойламауы керек. Отбасын түсіну – белгілі бір межеге жету емес, терапиялық қарым-қатынас барысында біртіндеп ашылатын ұзақ процесс. Сондықтан маман үшін ең маңыздысы – шыдамдылық таныту, отбасының психологиялық қорғаныс механизмдерін құрметтеу және ең маңызды шындықтар адамның психикасы оларды қабылдауға дайын болған кезде ғана ашылатынын есте сақтау.
Дәл осы жерде, дәл осы сәтте…

Осы орайда Зигмунд Фройдтың маңызды еңбегі «Емдеуді бастау туралы» мақаласын еске түсірейік. Бұл еңбекте ол психоаналитиктің ата-анамен жұмыс істеудегі шекаралары туралы мәселеге қайта оралады.
Фрейдтың пікірінше, психоанализ де, кез келген психоанализ бағытында кеңес беру де адамды әдетте ешкімге айтпайтын дүниелерді айтуға итермелейді. Ал классикалық психоанализде бұл талап ең жоғары деңгейде қойылады. Емнің басында пациентке негізгі ереже түсіндіріледі.
Емнің мәні мынадай: әдеттегі әңгімеде адам өз ойын реттеп, маңызды емес немесе орынсыз көрінген нәрселерді алып тастайды. Ал психоанализде керісінше болуы керек. Пациенттің ойына келген кез келген нәрсе маңызды.
Егер пациент (жасөспірім, ата-ана):
«Бұл мәселенің маған қатысы жоқ», «Бұл – ақымақтық», «Мұны айтудың қажеті жоқ», «Бұл –ұят» деп ойласа,
дәл сол сәтте психоаналитик оған:
«Дәл осы сәтте миыңызға келген ойды айтыңыз» деп ұсынады.
Дәл осындай қарсылықтар бейсанаға апаратын жолды көрсетеді.
Психоаналитик пациентке негізгі ережені қайта-қайта еске салады: адам мағынасыз, ұят немесе жиіркенішті болып көрінетін ойларды да айтуға батыл болуы тиіс. Дәл осы «мағынасыз» және «жиіркенішті» деп бағаланатын ойлар адамның жан дүниесін ұялудан, қорланудан, ыңғайсыздықтан, келемежге қалудан қорғап тұрған механизм болуы мүмкін. Бұл қорғаныс механизмі ерте балалық шақта қалыптаса бастайды.
Психоаналитиктің мақсаты – пациентке өзін тереңірек тануға және ішкі еркіндікке қол жеткізуге көмектесу. Ал ата-анамен жұмыс мүлде басқа сипатқа ие.
Ата-анадан алғыс күтуге болмайды
Балалар психоаналитигі Рене Дяткиннің айтуынша, көп жағдайда ата-аналар психоаналитиктен өздері үшін ештеңе сұрамайды. Олар тек баласына көмектесуді қалайды. Сондықтан олардың өзін қорғайтын ішкі шекараларын құрметтеу – психоаналитиктің этикалық міндеті. Бұл – ата-ананы құрметтеу ғана емес, сонымен бірге бұл – баланың ең жақын ортасына құрметпен қарау деген сөз.
Кейде ата-ананың өзі осы психикалық қорғанысын әлсіретіп, бұрын айтпаған маңызды мәліметтерді бөліседі.Мұндай ақпарат баланың психикалық жағдайын түсіндіруге үлкен көмегін тигізеді. Ақпаратты жай ғана санаға шығару жеткіліксіз. Ең бастысы – адамның сол ақпаратқа қарсы көрсетіп отырған қарсылығын түсіну және онымен жұмыс істеу.
Дәл сол сияқты біз өз уақытымызды пациентке арнағанымыз үшін оның міндетті түрде алғыс айтуын күтпеуіміз қажет. Ата-ананы толық тану – орындалуға тиіс міндет емес. Бұл – тек терапиялық жұмыстың көкжиегі, яғни уақыт өте келе ғана біртіндеп ашылатын мүмкіндік. Ол бізге ата-ананың ішкі әлемін және олардың баланың психикалық әлемін қалыптастырудағы орнын тереңірек түсінуге жол ашады.