TOP-2Жаңалықтар

“Тауарды өзімізден алыңыздар”: Шаққалиев Wildberries тұтынушыларына кеңес айтты

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев қазақстандықтарға тауарларды уақтылы жеткізуге кепілдік беретін маркетплейстерді таңдауға кеңес берді. Ол Wildberries қоймаларындағы соңғы өрттер аясында сатып алушыларға тапсырыс беруге бола ма деген сұраққа осылай жауап берді, деп хабарлайды Tizgin.kz тілшісі.

Шаққалиев не дейді

Үкіметте өткен брифингте журналистер министрден қоймалардағы өрттер сериясынан кейін маркетплейс арқылы тауарларға тапсырыс беруден қауіптенетін қазақстандықтарға кеңес бере ала ма деп сұрады. Шаққалиевтің айтуынша, сатып алушылар тәуекелдерді мұқият бағалап, өздері сенім білдіретін алаңдарға артықшылық беруі керек.

«Менің кеңесім қарапайым: өзіңізде сенім тудыратын маркетплейстерді таңдаңыз. Жағдайды талдаңыздар. Тауардың кепілді жеткізілуін қамтамасыз ететін алаңды таңдау керек. Содан кейін сіз тұтынушы ретінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамаға сәйкес көбірек қорғаласыз», – деді министр.

Ол алаңды таңдағанда тауардың құнына ғана емес, жеткізудің сенімділігіне де назар аудару маңызды екенін атап өтті.

«Кейде нарықтан едәуір төмен баға әрқашан сұрақтар туғызады. Бұған не себеп болғанын және оның соңы неге алып келетінін түсіну керек», – деп қосты Шакқалиев.

Министр сонымен қатар қазақстандықтарға отандық маркетплейстерді жиірек пайдалануды ұсынды. Оның айтуынша, қазіргі жағдай тұрақты логистика мен тауарлардың кепілді жеткізілуі қаншалықты маңызды екенін көрсетті.

«Әрине, өзімізден тапсырыс беруге, сізге кепілді түрде жеткізілетін өнімді сатып алуға тырысу керек. Бұл ең басты түйін», – деп түйіндеді ол.

Кәсіпкерлерге өтемақы қалай төленеді

Ресейлік маркетплейс иесі Татьяна Кимнің сөзінше, заңнамаға сәйкес дрон шабуылдары форс-мажор жағдайына жатады. Сондықтан келісімшарт талаптары бойынша Wildberries сатушылардың шығынын өтеуге міндетті емес. Соған қарамастан, қоймалардағы өрттен зардап шеккен кәсіпкерлерді қолдау үшін компания Ресей үкіметімен бірлесіп арнайы көмек бағдарламасын әзірлеп жатқанын мәлімдеді.

Сондай-ақ ол Украина тарапынан айтылған «Wildberries әскери мақсаттағы тауарларды сатады» деген айыптауларды жоққа шығарды.

Еске салайық, бұған дейін Wildberries Ресейдегі шабуылдардан кейін Қазақстандағы бос қоймаларды жалға алуы мүмкін деген ақпарат тараған еді. Алайда Сауда және интеграция министрлігі компаниядан мұндай мәселеге қатысты ресми өтініш түспегенін хабарлаған.

Back to top button