TOP-2ЖаңалықтарПікір

Қазақстан – зайырлы мемлекет: Ерлан Қарин тойда айтылған орынсыз уағызды теріс пікір деп атады

Бірінші орында діни шектеулер емес, еліміздің заңдары тұрады

Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин тойда музыканы тыйып, ерлер мен әйелдерді бөлек отырғызу керек деп тойда сөйлеген ер адамға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Өнер мен мәдениетті дінге қарсы қою – асыра сілтеушілік»

«Тойда тілекке шығып, ерсі уағыз айтып кеткен ер адамның видеосын желіден көріп қалдым. Шын мәнінде, оның әйелдерді кемсітуі, әншілерге, музыка өнеріне қатысты теріс пікір білдіруі болмысымызға мүлдем жат. Ұлттық таным-түсінікке сәйкес келмейді. Өйткені, Қазақстан – зайырлы мемлекет. Біздің темірқазығымыз – Конституция. Бірінші орында діни шектеулер емес, еліміздің заңдары тұрады», – деп жазды Ерлан Қарин.

«Біз өзара құрмет пен мәдениетті биік қоямыз»

Оның айтуынша, өнер мен мәдениетті дінге қарсы қою да – асыра сілтеушілік.

«Мемлекетіміз таңдаған жол бұл емес. Керісінше, еліміз білім мен ғылымға, өнер мен мәдениетке басымдық беріп келеді. Көпшілік алдында адамдарды бұлайша алалау, өз пікірін қасақана тықпалау әдептілікке жатпайды. Біз өзара құрмет пен мәдениетті биік қоямыз. Еліміздің жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыруға ерекше мән беріп отырғаны да сондықтан. Сол себепті, ұлттық болмыс пен елдік ұстанымдарға қайшы келетін мұндай әрекеттерге қоғам болып тосқауыл қоюымыз қажет», – дейді ол.

Әлеуметтік желіде тараған видеоға жұрт түрлі пікір білдірді

Еске салсақ, әлеуметтік желіде «Тойда музыканы тыйып, еркек пен ұрғашыны бөлек отырғызу керек. Әнші – шайтанның азаншысы» деген той қонағының пікірі қоғамның наразылығын тудырды.

«Аллаға шүкір, тойларда арақ деген бәледен құтылдық, бірақ екі нәрсе бар, құрметі тамада! Біріншісі, мына музыка деген бәледен құтылуымыз керек. Бұл – шариғатқа түк сай келмейді. Екіншісі, еркектер мен ұрғашылар бірігіп отыруға болмайды. Тамада, сенің құлағыңа алтын сырға: Алланың алдына барғанда бәрібір жауап береміз. Мына әншілер маған ренжімесін, оларды «шайтанның азаншысы» деп атайды», – деді тойдың қонағы.

Back to top button