«Қайта оралып, 2-3 рет пышақтады»: Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс бойынша куәгер жауап берді
Шымкентте Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот процесі жалғасуда.
Сот отырысында 11 қаңтар күні жұмыстан үйіне қайтып келе жатып оқиғаға куә болған Индира Беркінбаева жауап берді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Оның айтуынша, үйдің арасынан айқай естіп, жақындай бергенде жерде көліктердің арасында жатқан қызды және қашып бара жатқан жігітті көрген.
«Мен оған: «Не істеп жатырсың? Полиция шақырамын!» деп айқайладым. Сол кезде ол қайта оралып, қызды тағы 2-3 рет пышақтады… Мен есеңгіреп қалдым, кейін үйге қарай жүгіріп кеттім. Полицияны жолдан өтіп бара жатқан 2-3 жігіт шақырған шығар деп ойлаймын», – деді Индира Беркінбаева сотта.
Куәгердің сөзінше, жігіт қайта оралып соққы жасаған сәтте Нұрай үйдің маңында шалқасынан қозғалыссыз жатқан. Ол ешқандай дыбыс шығармаған әрі көмек сұрамаған.
Адвокаттардың қараңғыда қаруды қалай көргені туралы сұрағына куәгер ұзын заттың сұлбасы анық байқалғанын айтты.
Индира Беркінбаева кейін қызы екеуі жедел жәрдем келген кезде оқиға орнына қайта оралғанын және өзіне белгілі барлық мәліметті полиция қызметкерлеріне жеткізгенін айтты. Сондай-ақ, ол сотталушыны бұған дейін танымайтынын және қараңғыда оның жүзін анық көрмегенін мәлімдеді.
Еске салсақ. кезекті сот отырысында айыпталушы Шерхан Аймахан оқиғаның өз нұсқасын баяндады. Оның айтуынша, жолға шығар алдында көліктің қолғап салғышынан көрген екі пышақты байқамай қалтасына салып алған. Кейін жанжал кезінде Нұрай өзін пышақпен жаралағанын мәлімдеді.
Қызымен болған соңғы әңгімесін есіне алған марқұмның әкесі Бауыржан Сағымбек телефон арқылы сөйлескенін айтты.
«Ол маған: «Әке, мына жақта мен қаламайтын жағдай болып жатыр. Алып кетші мені», – деді. Кешкі сағат 19:00 шамасында жұбайым қоңырау шалып, «Нұрайға бірдеңе болды. Қызым жерде жатыр, полиция жақындатар емес» деді. Сонда бір сұмдықтың болғанын түсіндім, басшылыққа ескертіп, дереу жолға шықтым», – деді әкесі.