ЖаңалықтарПікір

«Тойда музыканы тыйып, ұрғашыларды жеке отырғызу керек» деген кісінің видеосы қызу талқыланды

Той қонағының пікірі әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын тудырды.

Әлеуметтік желіде «Тойда музыканы тыйып, еркек пен ұрғашыны бөлек отырғызу керек. Әнші – шайтанның азаншысы» деген той қонағының пікірі қоғамның наразылығын тудырды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Әншілер – шайтанның азаншысы»

«Аллаға шүкір, тойларда арақ деген бәледен құтылдық, бірақ екі нәрсе бар, құрметі тамада! Біріншісі, мына музыка деген бәледен құтылуымыз керек. Бұл – шариғатқа түк сай келмейді. Екіншісі, еркектер мен ұрғашылар бірігіп отыруға болмайды. Тамада, сенің құлағыңа алтын сырға: Алланың алдына барғанда бәрібір жауап береміз. Мына әншілер маған ренжімесін, оларды «шайтанның азаншысы» деп атайды», – деді тойдың қонағы.

«Біз зайырлы мемлекетте тұрамыз»

Осы көрініс әлеуметтік желіде қызу талқыланды.

«Бұл әйелдерді «ұрғашы» деп малға теңеп отырғаны ма? Не әңгіме мынау енді? Ұрғашы – жануарлар, малдар, құстар және жәндіктер әлеміндегі әйелдік жынысты білдіретін ұғым. Бұл ата Конституциямызға қарсы сөйлеп тұр ғой. Біз зайырлы мемлекетте тұрамыз», – деп жазды әлеуметтік желі қолданушысы.

«Қазақтар «Алтыбақан», «Ақ сүйек» ойнаған»

Осы видеоға қатысты әлеуметтік желі қолданушылары түрлі пікір білдірді.

«Бұрын қазақтар әйелдер мен еркектер бірге «Алтыбақан» деген ойын ойнаған, домбыра тартып, ән айтып, жыр жырлаған. Әйелдер мен еркектер бірге отырып айтысқан. «Ақ сүйек» деген ойынды ойнаған. Құранның өзі әуезді болып оқылады, музыка харам емес»,

«Өткенде тойда жасы келген әжелер арақ ішіп отырғанын көрдім. Ақ жаулық, кимешек киіп, өнеге болып, ақ батасын беріп отырған 60-70 жастың арасындағы әжелер арақты сылқылдатып отыр. Сонда не үлгі аналар көрсетіп отыр? Ертең сосын «Жастар бізді сыйламайды» дейді. Мына ақсақалдың айтқаны өте орынды. Өкінішке қарай, мұндай адам бізде аз», – деп жазды әлеуметтік желі қолданушылары.

Back to top button