TOP-2

Tik Tok-ты шулатқан 20 стример жауапқа тартылды

Олар желі арқылы лүпіл, қаралым және донат жинағысы келіп, тікелей эфир барысында әдепсіз әрекеттер көрсетіп, өзге азаматтарды қорлаған, деп хабарлайды Tizgin.kz.

ІІМ алаңдап отыр

Ішкі істер министрлігі өкілдері мұндай контенттің көпшілікке, оның ішінде кәмелетке толмағандарға қолжетімді болуы ерекше алаң туғызып отырғанын айтып жатыр. Policia.kz мәліметінше, осы уақытқа дейін заңға қайшы контент таратқан 20-дан астам стример жауапқа тартылды.

Мәселен, Ербол Дүйсенбаев есімді Шымкенттің 48 жастағы тұрғыны TikTok желісіндегі тікелей эфир барысында былапыт сөздер қолданған. Сот шешімімен ол 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Гүлмира Қасенова есімді Талдықорған қаласының 44 жастағы тұрғыны TikTok-тағы тікелей эфир кезінде қоғамдық тәртіп бұзып, балағат сөздер айтқан. Мұның алдында да осыған ұқсас құқық бұзушылық жасап, жауапкершілікке тартылған әйелге осы жолы әкімшілік айыппұл салынды.

20 тәулікке қамалды

Павлодар қаласында 26 жастағы Аслан Амантаев рөлде келе жатып тікелей эфир жүргізген. Ресми ақпаратқа сәйкес, қауіпсіздік белдігін де тақпаған. Сот шешімімен ол 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Түркістан қаласында “bayan_kyz”, “fatima.sh0000” никнеймдерімен белгілі Баян Шанкеева жауапкершіліктен жалтара алмады. Тікелей эфирлерде бейәдеп сөздер айтып, агрессивті қылықтар көрсеткен. Сот оған да әкімшілік айыппұл тағайындады.

ІІМ цифрлық кеңістікті құқыққа қайшы контенттен тазарту және қоғамдық тәртіпті бұзған азаматтарды жауапкершілікке тарту бойынша жүйелі жұмыстарын жалғастыра береді.

Әлеуметтік желідегі заң бұзушылық

Мұның алдында Түркістан облысында TikTok әлеуметтік желісіндегі тікелей эфир барысында былапыт сөздер айтып, агрессивті мінез-құлық көрсеткен әйел әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын жазған болатынбыз.

Түркістан облысы полиция департаментінің мәліметінше, интернет кеңістігіне жүргізілген мониторинг барысында TikTok-тағы тікелей эфир кезінде әйел адамның қоғамдық тәртіпті бұзып, былапыт сөздер қолданғаны бейнежазба арқылы анықталған.

Тексеру барысында полиция қызметкерлері құқық бұзушының жеке басын анықтады. Ол 39 жастағы жергілікті тұрғын Баян Шанкеева болып шықты.

Back to top button