TOP-2Геосаясат

Ресей Қазақстан арқылы Батысқа сигнал жіберді ме – ресми билігінің жауабы

Ресей Қазақстан арқылы Батыс елдеріне Украина мәселесіне қатысты қандай да бір сигнал жолдады ма? Осы сұраққа Ресей сыртқы істер министрлігі сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Галузиннің айтқаны

Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Михаил Галузиннің айтуынша, Мәскеу Украинаға қатысты ұстанымын жеткізу үшін Қазақстан арқылы Батысқа хабар жолдамаған. Ол Ресейдің Киевке ықпал ете алатын мемлекеттермен тікелей байланыс орнатқанын айтып, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатқанын жеткізді.

«Біз Украина мәселесіне байланысты қазақстандық достарымызды мазалаудың қажеті жоқ деп санаймыз. Себебі Киев режиміне ықпал ете алатын күштермен тікелей байланыс орнатқанбыз. Олар бізді толық естіп жатыр деп айта алмаймын, бірақ осы бағыттағы жұмысымыз жалғасып жатыр», – деді Михаил Галузин. Оның сөзін ТАСС агенттігі келтіреді.

Тоқаевтың мәлімдемесі

Бұл мәлімдеме Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шілде айының соңында Ресей президенті Владимир Путинмен кездесу барысында айтқан сөздерінен кейін жарияланды. 25 шілдеде өткен кездесуде Тоқаев Қазақстанға Еуропа мен АҚШ тарапынан Украинадағы жағдайды реттеу мәселесіне қатысты түрлі сигналдар келіп жатқанын мәлімдеген болатын.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей мен Украина арасындағы соғысты уақытша «тоқтату» (қақтығысты мұздату) мүмкіндігін қарастыруды ұсынған еді.

Ресей ұстанымы өзгермегенін мәлімдеді

Осыдан кейін Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Украинадағы соғысты уақытша тоқтатып, келіссөздерді қайта бастау туралы ұсынысы жөнінде пікір білдірген.

Дмитрий Песковтың айтуынша, Омбыда өткен кездесу барысында Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа “Украинадағы жағдайға қатысты Ресейдің ұстанымын егжей-тегжейлі түсіндірген”. Журналистердің Тоқаевтың ұсынысына Путиннің қалай жауап бергені туралы сұрағына Песков бұл мәселенің шынында да талқыланғанын растаған. Сонымен қатар ол қазіргі жағдайда мұндай бастаманы жүзеге асыру мүмкін емес екенін айтқан.

Back to top button