TOP-1Сараптама

«Жаңа экологиялық талаптар бізді жарға жыққалы тұр»: Май өндірушілер неге дабыл қақты

Қазақстанда өсімдік майын өндірушілерге қойылар жаңа талаптар отандық май зауыттарын тығырыққа тірегелі тұр. Кәсіпкерлердің айтуынша, жаңа нормативтер май өндірісін тежеп, зауыттарды жаппай банкротқа ұшыратуы мүмкін. Ол аз десеңіз, жаңашылдық шикізат өткізетін фермерлерден бастап, мал мен құс шаруашылығына дейін кері әсерін тигізіп, елдегі азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді дейді олар. 

Май зауыттарының басшылары неге дабыл қағып, қауымдастық атынан Бас прокуратураға жүгінгенін және Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты мекеменің тың талаптары неліктен шуға себеп болғанын Tizgin.kz осы мақалада анықтап көрді. 

Май зауыттарының иелері неге наразы

Жаңа талаптарға сәйкес, май зауыттары ішіндегі І санаттағы кәсіпорындар үздік қолжетімді технологияларды (ҮҚТ) енгізіп, кешенді экологиялық рұқсат (КЭР) алып, эмиссиялардың белгіленген нормативтерін сақтауға міндеттелмек. Құжатқа Экология министрлігіне қарасты Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы (ХЖТИЖО) жауапты.

Дау осыдан басталған. Май өндірушілер бұл талаптар тым қатаң дейді. Мәселен, азот оксидтері (NOₓ) бойынша белгіленген нормативтер Еуропа одағындағы талаптардан 3,25 есе, ал Ұлыбританиядағы көрсеткіштен 2,5 есе қатаң. Сондай-ақ, Еуропа одағында көміртегі тотығы (CO), ал Ұлыбританияда күкірт диоксиді (SO₂) бойынша шекті нормативтер белгіленбейді, олардың орнына тұрақты мониторинг жүргізіледі.

Бұдан бөлек, май өңдеу кәсіпорындары үшін белгіленген талаптар ауаны ластаудың негізгі көзінің бірі саналатын көмірмен жылытылар жылу электр орталықтарына қойылатын талаптардан да қатаң болып шыққан Атап айтқанда, күкірт диоксиді (SO₂) бойынша нормативтер – 15 есе, ал азот оксидтері (NOₓ) бойынша екі есе қатаң.

«Бұлай кетсе май өнімдері 30% қымбаттайды»

Аталған мәселені аттандап көтерген ұйымның бірі – Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің Ұлттық қауымдастығы. Оның төрағасы Ядыкар Ибрагимовтың айтуынша, орталық май зауыттарын металлургия, мұнай өңдеу саласындағы зауыттармен теңестірмек.

Ядыкар Ибрагимов. Фото: OSPAN ALI/ospanali.com

«Күні ертең осы талаптар күшіне енсе, сауда сөрелерінде май өнімдері 30% қымбаттап шыға келетінін ескертіп отырмыз. Яғни, бұл азаматтардың бәріне бірден әсер етеді. Екінші мәселе: егер осы талаптар күшіне енсе, өнімділік азайып, кейбір май өңдейтін зауыттар жабылайын деп тұр. Импорт тауарлары көбейіп, нарықта олардың бағасын бақылау қиынға айналмақ. Біздің қауымдастық Сауда және интеграция министрлігімен, Ауыл шаруашылығы министрлігімен күнбағыс майының бағасын тұрақтандыру туралы меморандумға қол қойған. Тұтынушылар үшін май бағасын төрт жылдан бері тұрақты шекте ұстап келеміз. Егер осы жаңа талаптар күшіне енсе, бағаны бақылау жайына қалады», – дейді ол.

Қауымдастық басшысының сөзінше, Экология министрлігіне қарасты мекеме май өңдеу зауыттарынан шығатын органикалық шаң нормативтерін металлургиялық кәсіпорындарға қарағанда 10 есе қатаң белгілеуді ұсынып отыр. Бұл мұндай тәсілдің әділдігі мен ғылыми негізділігіне қатысты орынды сұрақтар туындатады. Себебі оның салдары түптеп келгенде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің өзіндік құны мен бағасына әсер етуі мүмкін.

Ядыкар Ибрагимов осы норманы талқылаған жұмыс тобында 21 адам болса, соның үшеуі ғана май-тоңмай кәсіпорындарының, ал қалған 10 адам экологиялық ұйымдардың өкілі екенін айтады. Яғни, май өндірісіндегілер түпкі шешімге ықпал ете алмайды. Одан бөлек, май-тоңмай өнімдерін өндірушілердің өкілдері бірнеше рет техникалық және экономикалық негіздемелерін ұсынғанымен, олары ескерілмеген. Биыл 20 шілдеде өткен жиында жұмыс тобының 13 адамы аталған нормативтерді қолдаған.

«Осы талаптың мәнін түсінбей отырмыз»

Әкесінен қалған мұраны жалғап, 34 жылдан бері күнбағыс өсіріп келе жатқан семейлік шаруа қожалық иесі Александр Лехнер қазір күнбағыс өсіретін фермерлердің бәрі өнімін май зауыттарына өткізетінін айтады.

Александр Лехнер. Фото: OSPAN ALI/ospanali.com

«Біз осы талапты естіп, түсінбей отырмыз. Күнбағыс – органикалық табиғи өнім. Табиғат өзі береді – өзі алады. Күнбағыстың қалдығын темір-терсектің қалдығымен, олардан келетін зиянмен салыстыруға мүлде келмейді. Мынаны түсінсеңіздер деймін: май зауыттары күні ертең осы талаптарға бола шаруалары шатқаяқтап жатса, ол біз секілді фермерлерге бірден әсер етеді. Мәселен, біздің далада өсетін шемішкені Семейдегі басқа зауыт кептіруге көмектесіп жатыр. Менен бөлек қаншама шағын шаруа қожалықтар бар. Олар да май зауыттарына сүйеніп отыр. Олардың күні ертең не болмақ?» – деп сұрақ қояды ол.

Мыңдаған гектар жерге күнбағыс егетін Лехнер өнімін Семейдегі «Qazaq-Astyq Group» компаниясына өткізеді. 2021 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Семейдегі «Qazaq-Astyq Group» отандық май зауыттарын маймен қамтып, арысы Еуропа, Қытай, берісі Орталық Азия мен Ауғанстанға дейін май өнімдерін жеткізеді. Оның иесі Николай Ушаков қазір біздің сала максималды түрде онсыз да, экологиялық режимде жұмыс істеп тұр дейді.

Николай Ушаков. Фото: OSPAN ALI/ospanali.com

«Экология министрлігінің жаңа талаптары біздің өнімдердің бағасын 30 пайызға арттыруға, тіпті кейбір май зауыттарының жабылуына апарып соғуы мүмкін. Ең жаманы, отандық май зауыттары қысымға ұшырап, біздің елдің сауда сөрелерінде импорт майлар қаптап шыға келеді. Біз жұмыс орындары мен отандық өндірістен айырыламыз. Сол себепті мен Экология министрлігіне бұл талаптарын қайта қарап, қауымдастықпен талқылап, мәселеге тереңірек қарап шешім қабылдауын сұраймыз», – дейді ол.

Ушаковтың сөзінше, май зауыттарын жылу электр орталықтарымен, мұнай компанияларымен салыстырудың өзі этикаға сай емес. Себебі зауыт қазір онсыз да биологиялық отынмен (шемішкенің қалдығынан жасалатын отын) тамақ өнеркәсібінде жұмыс істеп жүр. Мұнай өнімдерінің жағылуынан шығарылатын шығынды биоотын қалдықтарымен салыстыру орынсыз деп санайды ол.

Жауапты орталық не дейді

Tizgin.kz порталы осы шағымнан кейін Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығына хабарласып, мәселенің мәнісін сұраған. Орталық жаңа талаптар өзінің «дербес бастамасы емес екенін, бұл өзгерістер Экология кодексінің талаптарын орындау үшін әзірленетінін» хабарлайды. Орталық мәліметінше, ЕҚТ қағидаттарына көшу міндеті саланың барлық кәсіпорындарына емес, тек I санаттағы объектілерге ғана қолданылады. Май-тоңмай саласындағы 80-нен астам кәсіпорынның ішінде осы талаптарға небәрі 4 объект сәйкес келеді. Орталық негізгі мақсат – кәсіпорындарға қойылар талаптарды күшейту емес, ұсынылатын шешімдердің техникалық және экономикалық іске асырылуын сақтай отырып, қоршаған ортаға теріс әсерді төмендетер заманға сай технологиялық көрсеткіштерді айқындау дейді.

«Кешенді экологиялық рұқсат (КЭР) алатын кәсіпорындар үшін кейінге қалдырылған норма көзделген. Қолданыстағы кәсіпорындар 10 жылға дейінгі мерзімге Экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасын әзірлейді, оның шеңберінде ең үздік қолжетімді техникалар (ЕҚТ) қағидаттарына сәйкес келмейтін технологиялық процестерді, жабдықтарды және қоршаған ортаға әсер ету көздерін кезең-кезеңімен жаңғыртады. КЭР алған және сол бағдарламаны іске асыратын кәсіпорындар қоршаған ортаға эмиссиялар үшін экологиялық төлемдер төлеуден босатылатынын атап өткен жөн. Сол ақша өндірісті жаңғыртуға, ЕҚТ енгізіп, технологиялық қондырғыларды қайта жабдықтауға бағытталуы мүмкін», – делінген жауапта.

Tizgin.kz аталған орталықтан осы талаптарды енгізер алдында отандық кәсіпорындардың мүмкіндіктері қаншалықты ескерілгенін сұраған. Жауапқа сүйенсек, кешенді технологиялық аудиттердің нәтижелері, мемлекеттік органдардың, кәсіпорындардың және өзге де мүдделі ұйымдардың мәліметтері талданған. Сонымен қатар, пайдаланылатын отынның сипаттамалары мен қолданылатын жабдықтардың ерекшеліктері ескерілген. Орталықтың мәліметінше, Қазақстандағы қазіргі май-тоңмай кәсіпорындарының басым көпшілігі импорттық технологиялық желілерді пайдаланады. Бұл желілерді өндіруші елдерде (Еуропалық одаққа мүше мемлекеттер, АҚШ, Қытай) ЕҚТ бойынша анықтамалық жобасында көзделген технологиялық көрсеткіштер диапазондарына сәйкес келетін экологиялық талаптар бұрыннан қолданылады. «Осылайша, ұсынылып отырған технологиялық көрсеткіштер технологиялардың қазіргі даму деңгейіне сәйкес келеді және ең үздік қолжетімді техникаларды қолдануға бағдарланған» делінген жауапта.

Фото: OSPAN ALI/ospanali.com

Жаңа талаптар бойынша, май зауыттарына жеңдік немесе электр сүзгілерді орнату арқылы қолданыстағы қондырғыларды жаңғырту ұсынылып отыр. «Бұл жабдықтар тазарту тиімділігін 99 %-дан жоғары деңгейде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді» делінген жауапта. Орталық «мұндай құрылғыларды орнату құны 136 млн теңге» деп жауап берді.

«Кәсіпорындардың ең үздік қолжетімді техникалар қағидаттарына көшуі жеңілдікті «жасыл» қаржыландыруға қол жеткізуге мүмкіндік береді, кешенді экологиялық рұқсат алған жағдайда экологиялық төлемдерден босату есебінен қаржылық жүктемені төмендетіп, өндірісті кезең-кезеңімен жаңғыртуға жағдай жасайды. Осылайша, үнемделген қаражатты өндірістік объектілерді бір мезетте ауқымды қайта жаңғыртуды қажет етпей-ақ, заманға сай технологияларды енгізуге, жабдықтарды жаңартуға және кәсіпорындардың экологиялық тиімділігін арттыруға бағыттауға болады», – делінген жауапта.

Ресми жауапқа сүйенсек, сала өкілдерінің ескертулері бірнеше рет қаралған. Кеңестердің қорытындысы бойынша редакциялық сипаттағы ұсыныстар ескерілген, ал технологиялық көрсеткіштер мәселесі техникалық жұмыс тобы мүшелерінің дауыс беруіне шығарылды.

«Нормативтерді ұлғайту жөніндегі ұсыныстар жеткілікті техникалық негіздемемен расталмады және іс жүзінде қолданыстағы эмиссиялар деңгейін сақтап қалуға бағытталды. Бұл – ЕҚТ қағидаттарына қайшы келеді. Шешімдер белгіленген тәртіппен көпшілік дауыспен қабылданды», – делінген жауапта.

 «Амалсыз Бас прокуратураға жүгіндік»

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан күнбағыс майын экспорттау көлемі жағынан әлемде алтыншы орынға ие болған. Ал алда әлемдегі үздік үш экспорттаушы елдің қатарына кіруді мақсат етіп отыр. Алайда осы талаптар күшіне енсе, май саласының кәсіпкерлері бұл мақсат орындалмай қала ма деп қауіптенеді.

«Мұның салдары күні ертең мыңдаған фермерге әсер етері сөзсіз. Себебі зауыттар күні ертең жұмысын тоқтатса, күнбағысты өсіретін азаматтар кімге өткізеді? Оның зияны құс шаруашылығы мен мал шаруашылығына кері әсерін тигізеді. Себебі шемішкенің қалдығынан жымық жасалады. Тиісінше, мұның бәрі сол салалардағы ет, сүт бағасының өсуіне апарып соғады. Біз қауымдастық атынан Бас прокуратураға осы өтінішімізді жазып, өткіздік. Олар өз тарапынан мәселеге объективті түрде қарасын дейміз», – дейді Ядыкар Ибрагимов.

 Қауымдастық басшысының айтуынша, Экология министрлігінің май зауыттарына осы технологиялар арзанға түседі деген пікірімен келіспейді. Оның сөзінше, қазандыққа мәселен, құрылыс жұмыстарын ескере отырып, сүзгі орнату 1 млрд теңгеге дейін барады.

Қорыта айтқанда, бұл дау бір ғана өндіріс саласының мәселесі емес, тұтас агроөнеркәсіп кешенінің болашағына әсер етуі мүмкін. Бір тарап жаңа экологиялық талаптарды қоршаған ортаны қорғаудың маңызды тетігі деп есептесе, екінші тарап оның экономикалық салдары өндіріс көлеміне, азық-түлік бағасына және қарапайым жұртшылық пен мыңдаған фермердің әл-ауқатына кері ықпал етеді деп санайды. Сондықтан бұл мәселе экологиялық мақсат пен экономикалық тұрақтылықтың арасындағы тепе-теңдікті сақтай отырып, барлық мүдделі тараптың қатысуымен жан-жақты талқылауды қажет етеді.

Back to top button