«LRT түнде неге жүрмейді?»: CTS тұрғындардың ұсынысына жауап берді
Елордалықтар LRT жұмыс уақытын таңға дейін ұзартуды ұсынды
Астанада Tarlan Astana жеңіл рельсті көлігінің (LRT) жұмыс уақытын ұзарту туралы ұсыныс әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Тұрғындар пойыздардың түнгі уақытта да қатынауын сұраса, CTS компаниясы мұның техникалық себептерін түсіндірді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Тұрғындар LRT-ның түнде де жүргенін қалайды
Әлеуметтік желі қолданушыларының пікірінше, LRT жұмысы сағат 23:00-де тоқтамауы тиіс. Олар түнгі уақытта рейстердің аралығын ұзартып, кем дегенде әр 30 немесе 60 минут сайын пойыз жүргізуді ұсынған.
«LRT үшін рақмет! Енді оның жұмыс уақытын 23:00-ден әрі қарай таңға дейін созыңыздаршы. Бірақ түнгі 11-ден соң олардың жүру интервалы 30 минутқа немесе тіпті 1 сағатқа ұзарсын. Қалада тіршілік түнімен тоқтамайды, ол уақытта аэропортқа баратындар мен келетіндер де көп. Онсыз да транспорттардың жүргізушісі жоқ қой, кезекпен бақылауға болатын шығар. Бұл елордадағылар үшін өте жақсы жаңалық болар еді», – деп жазды Айбек Салдатбек атты азамат желіде.
CTS не дейді
CTS компаниясының баспасөз қызметі бұл ұсынысқа жауап беріп, пойыз қозғалысы тоқтағаннан кейін желіде ауқымды техникалық жұмыстар жүргізілетінін мәлімдеді.
«Түнгі уақытта Tarlan Astana желісінің қауіпсіздігі мен техникалық жай-күйін тексеру жұмыстары жүргізіледі. Осы уақытта жылжымалы құрамға техникалық қызмет көрсету және диагностика, дабыл, байланыс, электрмен жабдықтау жүйелерін, пойыздар қозғалысын автоматтандырылған басқару жүйелерін тексеру және қызмет көрсету, сондай-ақ жол инфрақұрылымы мен стансаларды тексеру және оларға қызмет көрсету жұмыстары орындалады. Аталған жұмыстарды жүргізу пойыздар қозғалысын толық тоқтатуды талап етеді», – дейді компания.
Сондай-ақ бекітілген кестеге сәйкес, күндіз құрамдарға ылғалды тазалау жүргізілсе, түнгі уақытта депода пойыздар толықтай жуылып, санитарлық өңдеуден өтеді.