TOP-1СараптамаЭксклюзив

Қазақстандағы орташа айлық бір шаршы метр баспана бағасын қуып жете алмай келеді

Кейінгі он жылда Қазақстанда тұрғын үй бағасы айтарлықтай қымбаттады. Ресми статистикаға сүйенсек, осы кезеңде халықтың орташа жалақысы да бірнеше есе өскен. Tizgin.kz Ұлттық статистика бюросының тұрғын үй бағасы мен өңірлік жалақы туралы деректерін салыстырып, баспанаға қол жеткізу мүмкіндігі қалай өзгергенін есептеді. 

Баға VS айлық

2015 жылы Қазақстанда жаңа тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің орташа бағасы 257,6 мың теңге болса, 2025 жылы 571,2 мың теңгеге жетті. Яғни өсім – 121,8%. Қайталама нарықтағы тұрғын үй де айтарлықтай қымбаттады. Оның бағасы 190 мың теңгеден 594,7 мың теңгеге дейін көтеріліп, шамамен 3,1 есеге өсті. Ал жалдау нарығында өсім бұдан да жоғары болды. Орталықтандырылған жылу мен кәріз желісіне жалғанған тұрғын үйді жалдау ақысы бір шаршы метріне 1 281 теңгеден 5 024 теңгеге дейін өсіп, төрт есеге жуық артқан.

Ал орташа атаулы айлық еңбекақы 2015 жылғы 126 мың теңгеден 2025 жылы 443,3 мың теңгеге жетіп, 3,5 есе көбейді.

Баспана бағасының халық қалтасына қаншалықты салмақ салатынын орташа айлық жалақыны тұрғын үйдің бір шаршы метрінің бағасына бөлу арқылы есептеуге болады. Мұндай формуламен қарасақ, 2015 жылы орташа қазақстандықтың бір айлық жалақысына жаңа тұрғын үйдің небәрі 0,49 шаршы метрін сатып алуға мүмкіндік болған. 2020 жылы бұл көрсеткіш 0,69 шаршы метрге, ал 2025 жылы 0,78 шаршы метрге дейін өсті. Демек, баспана бағасымен, айлықпен қоса халықтың үйлі болу мүмкіндігі де мысқалдап болсын өсіп жатыр. Бұған тұрғын үй бағасының өсуімен қатар, орташа жалақының одан да жоғары қарқынмен артуы әсер еткен. Соған қарамастан, орташа айлық жаңа тұрғын үйдің бір шаршы метрін толық сатып алуға әлі де жетпейді.

Мысалы, орташа ауданы 60 шаршы метр болатын жаңа пәтердің құнын есептеп көрейік. 2025 жылғы орташа бағамен мұндай баспананың құны шамамен 34,3 млн теңге. Ал орташа айлық жалақы 443,3 мың теңге болғанын ескерсек, бір адамның жылдық табысы шамамен 5,32 млн теңгеге тең. Орташа статистикалық азамат барлық табысын еш шығынсыз жинаған күннің өзінде мұндай пәтерге 6,4 жылдың жалақысын беру керек. Әрине, бұл – шартты есеп. Іс жүзінде отбасы күнделікті шығындарын өтейді, сондықтан тұрғын үйге қаражат жинау мерзімі бұдан әлдеқайда ұзақ.

Өңірлер арасында да айырмашылық айқын байқалады. 2025 жылы Атырау облысында орташа айлық шамамен 613 мың теңге, жаңа тұрғын үйдің бір шаршы метрі 525,4 мың теңге болды. Бұл орташа жалақыға 1,17 шаршы метр тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік береді. Ақтөбе облысында (орташа жалақы 404,6 мың теңге, жаңа тұрғын үйдің бағасы 327,5 мың теңге) бір айлық табысқа шамамен 1,24 шаршы метр сатып алуға болады.

Инфокесте: AI/Tizgin.kz

Алматыда жаңа тұрғын үйдің бір шаршы метрі 690,7 мың теңгеге жеткенімен, орташа айлық жалақы 364,2 мың теңге. Сонда бір айлық табысқа небәрі 0,53 шаршы метр ғана сатып алуға болады. Бұл республикадағы ең төмен көрсеткіштердің бірі. Мұнда жалақы жоғары болғанымен, тұрғын үй бағасының тым қымбат болуы баспананың қолжетімділігін төмендетіп отыр.

Соңғы он жылда абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу құны төрт есеге жуық өсті. Бұл әсіресе жастар мен ипотекаға бастапқы жарна жинап жүрген азаматтарға қосымша салмақ түсіреді. Өйткені табыстың едәуір бөлігі жалдау ақысына жұмсалған жағдайда, жеке баспанаға қаражат жинау әлдеқайда қиындайды. Кейбір сарапшылар мұны әскери жұмылдырудан қашқан ресейліктердің әсерінен деп топшылайды.

Сонымен, ресми статистика екі түрлі үрдісті көрсетеді. Бір жағынан, соңғы он жылда орташа жалақы тұрғын үйдің жаңа нарықтағы бағасынан жылдамырақ өсіп, баспанаға қол жеткізудің шартты мүмкіндігі белгілі бір деңгейде жақсарды. Екінші жағынан, тұрғын үй бағасы әлі де халықтың табысынан жоғары қалып отыр.

Қазақстанның қай қаласында баспана ең қымбат

Бір қарағанда жалақысы жоғары өңірлерде баспана алу оңай көрінгенімен, тұрғын үй бағасы да жоғары. Ақтөбе мен Атыраудан кейін Қызылордада орташа жалақы жаңа тұрғын үйдің шамамен 0,96 шаршы метрін, ал Қостанайда 0,91 шаршы метрін сатып алуға жетеді. Ал айлық пен баспана бағасының алшақтығы Алматыдан бөлек Астана, Шымкент, Ақтау және Қонаев қалаларында тіркеліп отыр. Бұл қалаларда жалақы республикалық орташа деңгейден жоғары немесе соған жуық болғанымен, тұрғын үй бағасының өте жоғары болуы сатып алу мүмкіндігін төмендетеді.

Back to top button