Жаңалықтар

Қазақстанда шағын және орта бизнеске несие алғандар саны күрт артты

Маусым айында Қазақстан банктері бизнеске 2,2 трлн теңге көлемінде жаңа несие берген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32,7 пайызға көп, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Кәсіпкерлер қанша несие алды

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мәліметінше, 1 шілдедегі жағдайға сәйкес бизнестің несие портфелі 16,1 трлн теңгеге жетті. Ал жыл басталғалы көрсеткіш 4,3 пайызға өскен.

Шағын және орта бизнестің несие портфелі жыл басынан бері 14 пайызға ұлғайып, 7,8 трлн теңгені құрады. Жеке кәсіпкерлерге берілген несие көлемі 6,3 пайызға өсіп, 3,3 трлн теңгеге жетті.

Өсім байқалған салалар

Ал ірі бизнестің несие портфелі керісінше 8,9 пайызға қысқарып, 5 трлн теңгені құрады.

Маусым айында ең жоғары өсім байланыс және ақпарат саласында байқалып, осы бағыттағы несие көлемі 297 млрд теңгеге жетті. Сонымен қатар құрылыс, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларына берілген несие көлемі де артқан.

Несие мөлшерлемесі төмендеді

Теңгемен берілетін бизнес несиелерінің орташа мөлшерлемесі бір ай ішінде 22,3 пайыздан 21,6 пайызға дейін төмендеді. Алайда жеке кәсіпкерлер үшін бұл көрсеткіш 29,9 пайызды, ал ірі бизнес үшін 19,4 пайызды құрады.

Қазақстан банктерінің жалпы несие портфелі 1 шілдеге қарай 41,9 трлн теңгеге жеткен. Оның 25,8 трлн теңгесі халыққа берілген несиелер үлесіне тиесілі.

Back to top button