Қазақстан мен Қытай арасында үш бағыт бойынша әуе рейстері ашылады
Қытайдың Urumqi Airlines компаниясы Алматы мен Астанадан бөлек, Қарағандыға да тұрақты рейстер іске қосуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Tizgin.kz Азаматтық авиация комитетіне (ААК) сілтеме жасап.
Нақты қандай бағыттарға рейстер ашылады
ҚР көлік вице-министрі Талғат Ластаев Қытайдың Urumqi Airlines компаниясының вице-президенті Чжан Лянмен кездесті.
Кездесу барысында Қытай тарапы үш бағыт бойынша жаңа тұрақты рейстерді іске қосу жоспарын жариялады:
- Үрімші – Қарағанды;
- Құлжа (Инин) – Астана;
- Құлжа (Инин) – Алматы.
Комитет мәліметі
Ал Қазақстан тарапы әуекомпанияға басқа қалаларға рейстерді іске қосуды қарастыруды ұсынды.
“Қазақстан тарапы Өскемен мен Семейге, ал болашақта Зайсан мен Катонқарағай жаңа аймақтық әуежайларына рейстерді іске қосу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды”, – делінген ААК ақпаратында.
Комитет мәліметінше, мұндай бағыттар туризмді дамытуға, аймақтық көлік қолжетімділігін жақсартуға және Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға көмектеседі.
Бірлескен әуекомпаниясы құрылуы мүмкін
Кездесу барысында тараптар Қазақстанда бірлескен аймақтық әуекомпаниясын құру мүмкіндігін де талқылады.
ААК мәліметінше, Urumqi Airlines Қытайда жасалған COMAC C909 ұшақтарын пайдаланады. Осы себепті, тараптар оларды Қазақстан ішіндегі аймақтық рейстерде пайдалану жағын қарастырды.
“Тараптар Катонқарағай, Зайсан және туристік әлеуетке ие басқа да қала бағытын қоса алғанда, аймақтық рейстер үшін COMAC ұшақтарын пайдаланбақ. Одан бөлек, Қазақстанда бірлескен аймақтық әуекомпаниясын құру бойынша бірлескен жобаны жүзеге асыру мүмкіндігін талқылады”, – деп хабарлады комитет.
Анықтама: Urumqi Airlines Үрімшіде орналасқан және HNA Aviation тобының құрамына кіреді. Қазір аталған әуе компаниясы Қытайдағы 46 ішкі бағытқа ұшып, Boeing 737-800 бен COMAC C909 ұшақтарын қосқанда, 20 ұшақ пайдаланады.