TOP-2Экономика

Әлемде мұнай бағасы күрт құлдырады

3 тамызда таңертеңгі сауда-саттық барысында әлемдік мұнай бағасы күрт төмендеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

АҚШ пен Иран арасындағы шиеленістің бәсеңдеуі мүмкін деген үміт аясында Brent және WTI маркалы мұнайдың құны шамамен 5 пайызға арзандады. Астана уақыты бойынша сағат 08:10-дегі жағдайға сәйкес, Лондондағы ICE биржасында қазан айында жеткізілетін Brent маркалы мұнай фьючерстері 5 пайызға арзандап, барреліне 83,53 долларға дейін төмендеді. Ал АҚШ-тың WTI маркалы мұнайына қыркүйек айында жеткізілетін фьючерстердің бағасы 5,68 пайызға төмендеп, бір баррелі 79,86 долларды құрады.

“Қара алтын” неге арзандады

Мұнай бағасының төмендеуіне АҚШ президенті Дональд Трамптың Иранға жоспарланған әскери соққыдан бас тартып, дипломатиялық келіссөздерге тағы бір мүмкіндік беруге дайын екенін мәлімдеуі себеп болды.

Нарық қатысушылары тараптар келісімге келіп, әлемдік мұнай тасымалы үшін стратегиялық маңызы зор Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасы қайта қалпына келеді деп үміттеніп отыр. Осыған байланысты мұнай жеткізіліміне қатысты тәуекелдердің азаюы қара алтын бағасының төмендеуіне әсер етті.

Алайда Тегеран әзірге қандай да бір келісімге қол жеткізілгенін ресми түрде растаған жоқ. Иран сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Эсмаил Бағаи АҚШ-тың соғыстың қашан басталып, қашан аяқталатынын өзі шешуіне жол берілмейтінін мәлімдеді. Оның айтуынша, болашақ келіссөздерге қатысты барлық шешім Иранның ұлттық мүддесіне сай қабылданады. Сондай-ақ Бағаи Ормуз бұғазының әлі де жабық екенін айтты. Оның сөзінше, стратегиялық маңызы бар теңіз дәлізін басқару мәселесіне қатысты Иран мен Оман арасындағы келіссөздер жалғасып жатыр.

Бұған қоса, мұнай бағасына ОПЕК+ ұйымының қыркүйек айынан бастап тәулігіне 188 мың баррельге мұнай өндіруді ұлғайту туралы шешімі де қосымша қысым түсіріп отыр.

Бұл Қазақстан үшін неліктен маңызды

Бұған дейін мұнай-газ саласының сарапшысы Асқар Исмаилов мұнай бағасының өзгеруі Қазақстан бюджетінің кірісіне, Ұлттық қордың жағдайына және теңге бағамына тікелей әсер ететінін айтқан болатын.

Оның пікірінше, мұнай нарығындағы тұрақсыздық ел экономикасы үшін тәуекелдерді күшейтеді. Бағаның күрт құбылуы инфляцияға, инвестициялық белсенділікке және қаржы нарықтарына әсер етеді. Ал мұнай кірісіне тәуелділік Қазақстан экономикасын сыртқы күйзелістерге осал етеді.

Сонымен қатар, 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет мұнайдың бір баррелін 60 доллар, ал доллар бағамын 540 теңге деңгейінде есепке ала отырып әзірленген. Экспорттық кірістер, әлеуметтік төлемдер және мемлекеттік шығыстар осы негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерге сүйене отырып жоспарланады.

Back to top button