TOP-1СараптамаЭкономика

Қазақстанның импорт картасындағы жаңа үрдіс: Қытай 15 саланың 10-да алға шықты

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанның импорты негізінен 15 ірі экономикалық секторға шоғырланды. Осы секторларға шамамен 42 млрд доллар жұмсалып, елдің жалпы импортының 95%-дан астамы тиесілі болды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Машинадан жиһазға дейін

Импортта машиналар мен өндірістік жабдық бірінші орында тұр. Бұл секторға 9,61 млрд доллар жұмсалып, жалпы импорттың шамамен 21,8%-ы тиесілі. Екінші орында автомобиль өнеркәсібі – 6,87 млрд доллар немесе 15,6%. Үшінші орында электротехника мен электроника – 5,64 млрд доллар (12,8%). Осы үш секторға ғана Қазақстан импортының жартысына жуығы тиесілі.

Инфокесте: AI/Tizgin.kz

Одан кейін азық-түлік пен сусындар (3,52 млрд доллар), фармацевтика (2,36 млрд доллар), металл және металл бұйымдары (2,24 млрд доллар), химия өнеркәсібі (2,15 млрд доллар) және пластмасса мен резеңке бұйымдары (2,06 млрд доллар) келеді. Бұдан кейін медициналық және оптикалық техника (1,61 млрд доллар), авиация, теміржол және кеме техникасы (1,55 млрд доллар), киім-кешек пен аяқ киім (1,50 млрд доллар), тұрмыстық химия және косметика (1,03 млрд доллар), қағаз, картон, ағаш және қаптама өнімдері (0,88 млрд доллар), құрылыс материалдары (0,56 млрд доллар) мен жиһаз және интерьер тауарлары (0,54 млрд доллар) тұр.

10 салада Қытайға тәуелдіміз

Секторлар бойынша да айырмашылық анық көрінеді. 15 сектордың 10-ында Қытай бірінші орында. Машиналар мен өндірістік жабдықтың негізгі жеткізушісі – Қытай. Қазақстан бұл елден 5,01 млрд доллардың өндірістік жабдығын сатып алған. Кейін Германия (939,9 млн доллар), АҚШ (525,5 млн доллар), Оңтүстік Корея (423,8 млн доллар) және Италия (403,0 млн доллар) келеді.

Автомобиль өнеркәсібінде де көшті Қытай бастап тұр. Бұл елден 3,37 млрд доллардың өнімі импортталған. Кейін Оңтүстік Корея (1,10 млрд доллар), Жапония (832,2 млн доллар), АҚШ (305,9 млн доллар) және ТМД елдері (274,1 млн доллар) келеді. Яғни Қазақстан автокөлік пен автокомпоненттерді көбіне Азия елдерінен сатып алады.

Инфокесте: AI/Tizgin.kz

Электротехника мен электроника секторында да Қытай алда. Бұл елден 2,88 млрд доллардың өнімі әкелінген. Кейін Вьетнам (502,8 млн доллар), Германия (481,5 млн доллар), Чехия (213,5 млн доллар) және Оңтүстік Корея (194,3 млн доллар) тұр. Байланыс құралдары, компьютерлер, тұрмыстық техника мен электрондық жабдықтың басым бөлігі Қытайдан келеді.

Фармацевтика – Қытай көш бастамайтын санаулы сектордың бірі. Мұнда бірінші орында Германия тұр. Қазақстан бұл елден 446,6 млн доллардың дәрі-дәрмегі мен фармацевтикалық өнімін импорттаған. Кейін Швейцария (185,5 млн доллар), Үндістан (150,2 млн доллар), Франция (147,9 млн доллар) және Түркия (140,4 млн доллар) келеді. Бұл дәрі-дәрмек нарығында еуропалық өндірушілердің ықпалы басым.

Азық-түлік пен сусындар секторында бірінші орында ТМД елдері тұр. Бұл бағыттағы импорт 631,4 млн долларға жеткен. Кейін Қытай (541,6 млн доллар), Өзбекстан (313,4 млн доллар), Украина (213,7 млн доллар) және Түркия (191,4 млн доллар) келеді. Демек, азық-түлік импорты көбіне көрші мемлекеттерге тәуелді.

Металл және металл бұйымдары секторында Қытайдың үлесі ең жоғары – 1,82 млрд доллар. Кейін Германия (146,2 млн доллар), ТМД елдері (111,2 млн доллар), Италия (106,7 млн доллар) және АҚШ (83,3 млн доллар) келеді.

Пластмасса мен резеңке бұйымдары секторында да бірінші орында Қытай (1,04 млрд доллар). Одан кейін Германия, Оңтүстік Корея, ТМД елдері және Түркия тұр.

Медициналық және оптикалық техникада да Қытай алда – 565,0 млн доллар. Кейін Германия (185,5 млн доллар), АҚШ (169,0 млн доллар), Оңтүстік Корея (102,4 млн доллар) және Жапония (81,7 млн доллар) келеді. Химия өнеркәсібінде де Қытай бірінші орында. Бұл елден 629,9 млн доллардың өнімі сатып алынған. Кейін Германия, АҚШ, ТМД елдері және Өзбекстан тұр.

Киім-кешек пен аяқ киімнің де негізгі жеткізушісі – Қытай. Бұл елден 1,06 млрд доллардың өнімі әкелінген. Кейін Түркия (339,0 млн доллар), Бангладеш (120,3 млн доллар), Италия (105,9 млн доллар) және ТМД елдері (104,2 млн доллар) келеді.
Қытай көш бастамайтын тағы бір сектор – авиация, теміржол және кеме техникасы. Мұнда бірінші орында Франция (489,4 млн доллар), одан кейін Қытай (463,2 млн доллар) мен АҚШ (332,5 млн доллар) тұр.

Тұрмыстық химия мен косметика секторында да Франция бірінші орында. Бұл елден 180,1 млн доллардың өнімі импортталған. Кейін Қытай, Германия, АҚШ және Польша келеді.

Қағаз, картон, ағаш және қаптама өнімдері, құрылыс материалдары, сондай-ақ жиһаз және интерьер тауарлары бойынша да Қытай бірінші орында.
Жалпы алғанда, бұл талдау Қазақстан импортының географиясында Қытайдың ықпалы өте жоғары екенін көрсетеді. Ең ірі 15 сектордың 10-ында Қытай көш бастап тұр. Германия фармацевтикада, Франция авиациялық техника мен косметикада алға шықса, азық-түлік импортында ТМД елдері басым. Бұл Қазақстанның негізгі өндірістік және тұтыну тауарларын сатып алуда ең алдымен Қытайға сүйенетінін аңғартады.

Back to top button