Неліктен әлеуметтік желіде балағат сөз айтуға болмайды – Сот төрағасы түсіндірді
Қоғамдық кеңістікте бейәдеп сөздерді қолдану Қазақстан заңнамасын бұзады.
Қоғамдық кеңістікте бейәдеп сөздер айту ұсақ бұзақылық ретінде бағалануы мүмкін. Бұл туралы Астана қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Бауыржан Ахметқалиев Астанадағы Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Бейәдеп сөз айту ұсақ бұзақылық ретінде бағаланады
Бауыржан Ахметқалиевтің айтуынша, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабына сәйкес қоғамдық орындарда бейәдеп сөздер айту ұсақ бұзақылықтың бір түрі болып саналады.
«Мұндай құқық бұзушылық көшеде, саябақта, қоғамдық көлікте, мемлекеттік мекемелерде, сауда және ойын-сауық орталықтарында, білім беру ұйымдарында, әуежайларда, теміржол вокзалдарында және азаматтар еркін баратын өзге де қоғамдық орындарда жасалуы мүмкін. Сонымен қатар, қоғамдық тәртіптің бұзылуына әкелген әлеуметтік желілерде, тікелей эфирлерде және басқа да көпшілікке қолжетімді интернет-платформаларда жария түрде бейәдеп сөздер айту да ӘҚБтК-нің 434-бабы бойынша саралануы мүмкін», – деді ол.
Заң бұзушыларға айыппұл немесе қамау жазасы қолданылады
Оның сөзінше, әкімшілік хаттама толтыруға негіз болатын жағдайлар ӘҚБтК-нің 802-бабында нақты көрсетілген. Олардың қатарында полиция қызметкерінің құқық бұзушылықты тікелей анықтауы, азаматтардың немесе жәбірленушілердің арыз-шағымдары, бейнебақылау камераларының жазбалары, бейнетіркеу құрылғыларының материалдары, куәлардың айғақтары және заңда көзделген өзге де дәлелдер бар.
ӘҚБтК-нің 434-бабы бойынша құқық бұзушыларға айыппұл салу, қоғамдық жұмыстарға тарту немесе әкімшілік қамауға алу жазасы қолданылуы мүмкін.
Сот құқық бұзушыға қосымша шектеулер қоя алады
Сондай-ақ, спикер ӘҚБтК-нің 54-бабына сәйкес сот әкімшілік жауапкершілікке тартылған адамға белгілі бір мінез-құлық талаптарын белгілеуге құқылы екенін айтты. Атап айтқанда, сот оған жәбірленушімен кез келген тәсілмен байланысуға, белгілі бір орындарға баруға, алкогольдік ішімдіктерді, есірткі және психотроптық заттарды пайдалануға тыйым сала алады.
Бауыржан Ахметқалиев қоғамдық орындарда және көпшілік алдындағы коммуникация кезінде сөйлеу мәдениетін сақтау әрбір азаматтың құқықтық мәдениетінің маңызды көрсеткіші екенін атап өтті. Оның айтуынша, қоғамдық кеңістікте бейәдеп сөздерді қолдану Қазақстан заңнамасын бұзады және әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, спикер бүгінде интернет пен әлеуметтік желілер адамдар арасындағы қарым-қатынастың маңызды бөлігіне айналғанын айтты. Оның пікірінше, қоғамдық кеңістікте айтылған әрбір сөз кеңінен тарап, қоғамдағы өзара сыйластық деңгейіне әсер етуі мүмкін. Сондықтан әрбір азамат интернет кеңістігінде де, қоғамдық орындардағыдай, қарым-қатынас мәдениетін сақтауға міндетті.
Еске салсақ, Қазақстанда әлеуметтік желідегі балағат сөздер үшін айыппұл енгізілуі мүмкін екенін жаздық. Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттық сауалға берген жауабында Қазақстанда әлеуметтік желілер мен онлайн-платформаларда балағат және былапыт сөздер қолданғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізуді көздейтін түзетулер әзірленіп жатқанын мәлімдеді.
Сондай-ақ, Қазақстанда 9 TikTok стримері заңсыз контент үшін жауапқа тартылды. Ведомствоның мәліметінше, құқық бұзушылар лайк, қаралым мен донат үшін заң талаптарын өрескел бұзған. Олар TikTok-тағы тікелей эфирлерде балағат сөздер айтып, әдепсіз әрекеттер көрсетіп, қауіпті пранктер ұйымдастырып, адамдарды қорлаған.
Ал Абай облысында TikTok-та тікелей эфирде балағат сөз айтып, ерсі мінез-құлық көрсеткен 26 жастағы қыз қамауға алынды. Тәртіп сақшылары оның жеке басын тез анықтады. Түркістан облысының тумасы екен. 26 жастағы Азиза Қоқанова Семейде уақытша тұрып жатқан.
Сонымен қатар, Түркістан облысында TikTok әлеуметтік желісіндегі тікелей эфир барысында былапыт сөздер айтып, агрессивті мінез-құлық көрсеткен әйел әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Түркістан облысы полиция департаментінің мәліметінше, интернет кеңістігіне жүргізілген мониторинг барысында TikTok-тағы тікелей эфир кезінде әйел адамның қоғамдық тәртіпті бұзып, былапыт сөздер қолданғаны бейнежазба арқылы анықталған.