Жаңалықтар

Қазақстанның бірқатар өңірінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы төмендеді

Қазақстанда бір апта ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бірқатарының бағасы төмендеді. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сілтеме жасаған Tizgin.kz хабарлайды.

Бір аптада қандай өнімдер арзандады

2026 жылғы 29 шілдедегі дерекке сәйкес, есепті аптада:

  • картоп – 2,8%-ға;
  • қызанақ – 2,4%-ға;
  • алма – 1,9%-ға;
  • қияр – 1,2%-ға;
  • сәбіз, қаймақ және қара шай – 0,2%-ға;
  • тауық еті, қатты және жартылай қатты ірімшік, майлылығы 2–3% айран – 0,1%-ға арзандаған.

Ал бірінші сұрыпты ұн, одан пісірілген бидай наны, жылқы еті, сүйекті сиыр еті және майлылығы 2,2%-дан 6%-ға дейінгі пастерленген, ультрапастерленген және стерильденген сүттің бағасы өзгеріссіз қалған.

Баға қай өңірлерде төмендеді

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жалпы бағасы:

  • Павлодарда – 0,4%-ға;
  • Алматы, Шымкент және Ақтауда – 0,2%-ға;
  • Қонаев пен Қостанайда – 0,1%-ға төмендеген.

Ал Астана, Ақтөбе, Жезқазған, Көкшетау, Қарағанды, Қызылорда, Тараз және Түркістан қалаларында баға өткен аптаның деңгейінде сақталған.

Ең арзан картоп пен қияр қай қалада

Республика бойынша қиярдың орташа бағасы 495 теңге/кг болса, ең төмен баға Таразда тіркелген – 339 теңге/кг.

Картоптың орташа бағасы 275 теңге/кг, ал ең арзан картоп Түркістанда сатылған – 219 теңге/кг.

Сондай-ақ І санаттағы 10 дана жұмыртқаның орташа бағасы 567 теңгені құрады. Ең қолжетімді баға Оралда (475 теңге) және Қызылордада (477 теңге) тіркелген.

Back to top button