«Әлем барысы» атанған палуан әкім болды
«Қазақстан барысы» атағын екі мәрте жеңіп алған танымал палуан Айбек Нұғымаров Абай облысына қарасты Аягөз ауданының әкімі болып тағайындалды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Абай облысының басшысы Берік Уәли бүгін Аягөз ауданы активіне, жергілікті тұрғындарға жаңа әкімді таныстырды.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы» Заңының 25 бабына сәйкес ҚР Президенті әкімшілігінің, Аягөз ауданы мәслихат депутаттарының келісімімен және облыс әкімінің өкімімен Аягөз ауданының әкімі лауазымына Айбек Серікболұлы Нұғымаров тағайындалды, – делінген ресми ақпаратта.
Айта кетер жайт, бұл жаңа Конституция қабылданғалы Абай облысындағы екінші аудан әкімінің тағайындауы.
Өмірбаяны мен қызметі
Айбек Нұғымаров Абай ауданының Құндызды ауылында дүниеге келген. Семей мемлекеттік педагогикалық институтын «Дене шынықтыру», Қазақ инновациялық гуманитарлық – заң университетін «заңгер» мамандықтары бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын Семей қаласындағы қазақ күресі бөлімінде оқытушы-жаттықтырушы болып бастады. Шығыс Қазақстан облысының жоғары спорт шеберлігі мектептерінде нұсқаушы-әдіскер, қазақ күресінен жаттықтырушы-оқытушы болып еңбек етті.
Алты жылдан астам уақыт Семейдегі Көлік колледжінің директоры болды. Осы лауазымға тағайындалғанша Аягөз ауданы әкімінің орынбасары, аудан әкімінің міндетін атқарушы қызметін атқарды.
Спорттағы жетістігі
Айбек Нұғымаров – Қазақ күресінен Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, сонымен қатар дзюдо және самбо бойынша спорт шебері. Он дүркін Қазақстан чемпионы, төрт дүркін Азия чемпионы, «Әлем Кубогының» үш дүркін иегері, Қазақ күресінен әлемнің төрт дүркін чемпионы, «Еуразия Барысы» халықаралық турнирінің төрт дүркін, және «Әлем Барысы» турнирінің үш дүркін жеңімпазы.