Білім

23 млрд теңге бөлінді: мектепке дайындық үшін кімдер ақша алады

Бір балаға берілетін көмектің ең төменгі мөлшері 50 851 теңгені құрайды

2026-2027 оқу жылы қарсаңында 450 мыңға жуық бала мектепке дайындалуға көмек алады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz. 

450 мыңға жуық бала қамтылады

Министрлік мәліметінше, 1 тамыздан 30 қыркүйекке дейін Жалпыға міндетті білім беру қоры аясында әлеуметтік осал санаттағы балаларға мектеп формасын, аяқ киім мен мектеп құралдарын сатып алуға көмек көрсетіледі.

Жаңа оқу жылы қарсаңында бұл көмекпен 450 мыңға жуық бала қамтылмақ. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттерден 23 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген.

Бір балаға берілетін ақша – 50 851 теңге

Биыл бір балаға берілетін көмектің ең төменгі мөлшері 50 851 теңгені құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға артық. Ал жергілікті бюджет мүмкіндігіне қарай кейбір өңірлерде төленетін сома бұдан да көп болуы мүмкін.

Қаржылай көмек жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, аз қамтылған және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған оқушыларға беріледі.

Төлемді алу үшін ата-аналар немесе заңды өкілдер қажетті құжаттарды баласы оқитын білім беру ұйымына тапсыруы тиіс.

Бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі 2026-2027 оқу жылындағы каникул уақытын жариялаған еді.

Back to top button