
2026 жылдың І тоқсанында ресми ақпарат бойынша, Қазақстандағы жалдамалы қызметкерлердің орташа атаулы айлығы 461,5 мың теңге болды. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 9,1% жоғары болғанмен, салалар арасындағы айырмашылық әлі де айқын. Бір секторда қызметкерлер миллион теңгеден астам жалақы алса, енді бірінде табыс 300 мың теңгеге де жетпейді. Оның үстіне ең жоғары жалақы төленетін салалар мен жалақысы ең қарқынды өсіп жатқан салалардың тізімі әркелкі, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ең жоғары жалақыны кімдер алады
Ең жоғары жалақы бұрынғысынша тау-кен өндіру өнеркәсібінде сақталып отыр. Бұл саладағы орташа айлық 1 млн 68 мың теңге болды. Екінші орында қаржы және сақтандыру қызметі – 1 млн 10 мың теңге. Үшінші орында ақпарат және байланыс саласы тұр, мұнда қызметкерлер орта есеппен 883,8 мың теңге алады. Бұдан кейін өнеркәсіп (696,7 мың теңге), көлік және жинақтау (654,3 мың теңге), кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет (638,2 мың теңге), өңдеу өнеркәсібі (591,5 мың теңге) және құрылыс (536,8 мың теңге) келеді.
Аталған салалардың бәрінде жалақы республикалық орташа деңгейден едәуір жоғары. Алайда ең жоғары жалақы төленетін салалар жалақы өсімінің қарқыны бойынша көш бастап тұрған жоқ. Жылдық өсім қарқынына қарағанда, көшбасшы – орман шаруашылығы және ағаш дайындау. Мұнда орташа жалақы бір жылда 69,2% өсіп, 368,2 мың теңгеге жетті. Дегенмен мұндай қарқынға қарамастан, бұл саладағы табыс республикадағы орташа жалақыдан әлі де төмен. Жалпы ауыл, орман және балық шаруашылығы секторында жалақы 20,3% өсіп, орташа айлық 299,5 мың теңге болды.
Тағы кімдердің қалтасы қампайды
Жалақысы жоғары қарқынмен өскен салалардың бірі – қаржы және сақтандыру қызметі. Бұл сектордағы жалақы бір жылда 18,1% артқан. Сумен жабдықтау, су бұру және қалдықтарды өңдеу саласында жалақы 16,5%, электр энергиясымен, газбен және жылумен жабдықтауда – 14,7%, өңдеу өнеркәсібінде – 14%, көлік және жинақтауда – 12,9%, өнеркәсіпте – 11,6%, мемлекеттік басқаруда – 11,4%, құрылыста – 10,5% өсті. Ал ақпарат және байланыс секторында жалақы көлемі ең жоғары көрсеткіштердің бірі болғанымен, жылдық өсім небәрі 2,8% ғана. Өнер, ойын-сауық және демалыс саласында жалақы 3,1%, білім беруде – 4,2%, қонқүй және тамақтану қызметінде – 4,6% ғана өсті.

Ең төмен жалақы төленетін салалардың басында балық аулау және балық өсіру тұр. Мұнда орташа айлық небәрі 131,6 мың теңге. Бұдан кейін өнер, ойын-сауық және демалыс (293,7 мың теңге), ауыл, орман және балық шаруашылығы (299,5 мың теңге), білім беру (315,1 мың теңге), денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету (334,8 мың теңге), сумен жабдықтау және қалдықтарды өңдеу (333,3 мың теңге), жылжымайтын мүлікпен операциялар (361 мың теңге), көрсетілетін өзге қызметтер (362,1 мың теңге), қонақүй және тамақтану қызметі (365,1 мың теңге) және әкімшілік әрі қосалқы қызмет көрсету (378 мың теңге) бар.
Ең көп жұмыс беретін сала – білім
Қызметкерлер саны бойынша ең ірі жұмыс беруші бұрынғыдай білім беру саласы болып тұр. Бұл секторда 1,17 млн адам еңбек етеді. Одан кейін өнеркәсіпте – 668 мың, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсетуде – 513 мың, мемлекеттік басқаруда – 436 мың, өңдеу өнеркәсібінде – 319 мың, көлік және жинақтауда – 252 мың, саудада – 246 мың адам жұмыс істейді. Алайда ең көп адам еңбек ететін білім беру саласында орташа жалақы 315 мың теңге ғана болса, 191 мың адам жұмыс істейтін тау-кен өндірісінде ол 1 млн теңгеден асады.
Статистика еңбек нарығында екі түрлі үрдіс қалыптасқанын көрсетеді. Біріншісі – ең жоғары жалақы төлейтін салалар айтарлықтай өзгерген жоқ. Тау-кен өндірісі, қаржы және ІТ бұрынғысынша көш басында. Екіншісі – ең жоғары өсім негізінен жалақысы төмен немесе орта деңгейдегі салаларда тіркеліп отыр.