КҚК маңындағы танкерлерге жасалған шабуыл: Энергетика министрлігі ресми мәлімдеме жасады

Энергетика министрлігі Каспий құбыр консорциумы (КҚК) теңіз терминалы маңында танкерлерге жасалған дрон шабуылдарына қатысты ресми ақпарат таратты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ведомствоның мәліметінше, 30 шілдеде Nissos Sifnos танкері үшінші айлақта мұнай тиеу жұмыстарын аяқтап жатқан кезде тиеу манифольды ауданында дрон шабуылына ұшыраған. Қауіпсіздік мақсатында КҚК мұнай тиеу жұмыстарын дереу тоқтатқан.
Сондай-ақ терминалға бет алған Marathi танкері де КҚК теңіз терминалынан 6-7 теңіз милі қашықтықта дрондардың нысанасына айналған.
Министрліктің хабарлауынша, оқиға салдарынан экипаж мүшелері зардап шекпеген, мұнайдың төгілуіне жол берілмеген. Ал шыққан өрт КҚК-ның үш буксирінің күшімен толық сөндірілген.
Бұған дейін КҚК терминалында мұнай танкеріне тағы дронмен шабуыл жасалғанын хабарлаған едік.
Айта кетейік, Қазақстан экспорттайтын мұнайдың шамамен 80%-ы Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы әлемдік нарыққа жеткізіледі.