«Ажырасқан әйел ең сүйкімсіз әйел ме»: Роза Әлқожаның жазбасы қызу талқыға түсті
Белгілі әнші Роза Әлқожа әлеуметтік желідегі парақшасында ажырасқан әйелдердің қоғамдағы орны, отбасындағы зорлық-зомбылық пен әйел тағдыры туралы көлемді жазба жариялады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Өнер иесі қоғамның ажырасқан әйелдерді сыртқы келбеті мен өмір салтына қарап сынайтынын айтып, олардың мұндай шешімге не себепті барғанына назар аудару керек екенін жазады.
«Ажырасқан әйел ең сүйкімсіз әйел ме? Біз неге киімін, жүрісін, тұрысын әңгіме қыламыз? Ол ондай қадамға неге барды? Ол не үшін тағдырым деп қабылдаған адамнан бас тартты? Ол жағын ойлана бермейміз», – деп жазды әнші.
Роза Әлқожа жазбасында көптеген отбасының сырт көзге ғана бүтін көрінетінін, ал шын мәнінде ерлі-зайыптылардың іштей әлдеқашан алыстап кеткенін айтты. Сөзінше, кейбір жұптар бала үшін, туыстары немесе қоғам не дейді деген оймен бірге өмір сүріп келеді.
«Әйел сүйсе соңына дейін барады. Өбектейді, қорғайды, сенеді. Кейде ол бармаған тәуекелге барады. Армандайды, үмітін үзбейді. Анасындай қамқор, досындай адал, әпкесіндей жанашыр болады. Бірақ, бір күні жартысының қаптаған көзге шөп салулары оны жалықтырады. Мұздай нәрсе көбейеді: суық құшақ, суық қабақ, суық үй! Ол қанша жылытқысы келсе де өзіне жау сияқты қарайтын жанардан жасқанады. Ол қанша тырысса да көрмейтін көзден жалығады. Оны өз үйінде еркелетіп өсірген еді, ал мұнда еркеліктің көлеңкесі де жоқ. Ханшайымнан күңге айналды. Ол жүкті жалғыз сүйреп шаршады», – дейді ол.
Сондай-ақ әнші отбасындағы суық қарым-қатынас, сатқындық пен психологиялық және физикалық зорлық-зомбылық туралы да сөз қозғады. Оның айтуынша, әйел адам барынша отбасыны сақтауға тырысқанымен, кей жағдайда өзін қорғау үшін ажырасуға мәжбүр болады.
«Жылдар бойы өзі құраған мозайканы өзі бұзуға көнді. Онсыз өзін жоғалтып бара жатыр еді…Онсыз ауруы көбейіп, арманы таусылған еді. Өзін өзі қорғамаса ешкім қорғамайтынын ұғынды. Өзін өзі сүюге қадам басқан-ды…», – деп түйіндеді сөзін Роза Әлқожа.