TOP-1Жаңалықтар

КҚК терминалында мұнай танкеріне тағы дронмен шабуыл жасалды

Каспий құбыр консорциумының (КТК) теңіз терминалында мұнай тиеп тұрған тағы бір танкерге ұшқышсыз ұшу аппараттарымен шабуыл жасалды. Бұл жолы соққыға «Теңізшевройл» (ТШО) компаниясының мұнайын тиеп жатқан NISSOS SIFNOS танкері ұшырады, деп хабарлайды Tizgin.kz КҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шабуыл кезінде танкерде өрт шықты

КҚК мәліметінше, шабуыл Мәскеу уақытымен сағат 01:48-де болған. Сол сәтте NISSOS SIFNOS танкері №3 қашықтағы тиеу құрылғысында (ВПУ-3) мұнай тиеп тұрған. Консорциумның хабарлауынша, дрондардың шабуылы салдарынан танкердің жүк палубасындағы мұнай қабылдайтын манифольдтар орналасқан аумақта өрт шыққан.

«Ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылы салдарынан танкердің жүк палубасындағы мұнай қабылдайтын манифольдтар ауданында өрт тұтанды. Өрт танкер экипажының және КТК-ның үш көмекші кемесінің қатысуымен сөндірілді», – делінген консорциум хабарламасында.

Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ, сондай-ақ теңізге мұнай төгілмеген.

Танкерке тағы шабуылға ұшырады

КҚК мәліметінше, шабуыл тек бір кемемен шектелмеген. Терминалдан шамамен алты теңіз милі қашықтықта жүрген MARATHI танкеріне де соққы жасалған. Консорциум мұндай әрекеттер халықаралық энергетикалық инфрақұрылым нысандарына қауіп төндіріп отырғанын атап өтті.

«Осылайша, Қазақстанның және КҚК-ның өзге де шетелдік акционерлерінің, оның ішінде АҚШ мемлекеттік департаменті арқылы халықаралық энергетикалық инфрақұрылым объектілеріне күш қолдануға жол бермеу жөніндегі үндеулері ескерусіз қалды», – деп хабарлады КҚК.

Айта кетейік, бұл – КТК теңіз терминалындағы мұнай танкерлеріне жасалған алғашқы шабуыл емес. Бұған дейін де консорциум инфрақұрылымы ұшқышсыз ұшу аппараттарының нысанасына айналып, Қазақстан мұнайының экспорттық жеткізіліміне қауіп төндірген болатын.

Қазақстанның мәлімдемесі

Осыдан бірер күн бұрын Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Каспий құбыры консорциумы арқылы мұнай тасымалдайтын кемелерге ұшқышсыз ұшу аппараттарының жасаған шабуылдарын қатаң айыптап, мәлімдеме жариялады. Ізінше Энергетика министрлігі мәлімдеме таратқан еді. 

Сыртқы істер министрлігі 2026 жылдың 17 және 19 шілдесінде Қара теңіз акваториясында Каспий құбыры консорциумының (КҚК) инфрақұрылымы арқылы мұнайды заңды түрде тасымалдауға тартылған азаматтық кемелерге ұшқышсыз ұшу аппараттарының жасаған шабуылдарын қатаң айыптаған.

Осыдан кейін Қазақстандағы Украина елшісі Виктор Майко Украинаның Қазақстан мұнайын тасымалдаған танкерлерге жасалған шабуылға қатысы барын жоққа шығарған еді.

Back to top button