$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
Жаңалықтар

Қазақстанда шетелден қаржы алатындардың банк шоттары тексерілуі мүмкін

Қазақстанда шетелден қаржы алатын азаматтар мен ұйымдардың банк шоттары салық органдарының бақылауына түсуі мүмкін. Қазір Үкімет бұл мәселеге қатысты заңнамаға өзгеріс енгізу мүмкіндігін қарастырып жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Үкімет не ұсынып отыр

Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Айда Балаева Қазақстан Халық партиясы депутаттарының сауалына берген жауабында мәлімдеді. Балаеваның айтуынша, Мемлекеттік кірістер органдарына шетелдік қаржыландыру алатын тұлғалардың банк шоттары мен ақша қозғалысы туралы қосымша мәліметтерді беру мәселесі пысықталып жатыр.

Ол үшін Салық кодексі мен «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заңға өзгерістер енгізу көзделуі мүмкін. Бұл бағыттағы жұмыс Ұлттық банк пен өзге де мемлекеттік органдардың қатысуымен жүргізілуде.

Бұл не үшін қажет

Мәселе Мемлекеттік кірістер комитеті шетелден қаржы алатын тұлғалардың жаңартылған тізілімін жариялағаннан кейін көтерілді.

Депутаттардың пікірінше, қазіргі тізілімде қаржының көлемі мен қайдан келгені көрсетілгенімен, оның нақты қай жобаға жұмсалғаны, орындаушылар кім екені және қандай нәтиже бергені туралы ақпарат жоқ.

Сондықтан олар жарияланатын мәліметтердің аясын кеңейтіп, бақылауды күшейтуді ұсынды.

Неге салық органдары бәрін тексере алмайды

Үкіметтің мәліметінше, 2026 жылдан бастап салық органдары шетелден ақша немесе мүлік алған тұлғаларды тексере алады. Бірақ бұл құқық тек қаржыландыру алғанын өздері хабарлаған адамдарға ғана қатысты.

Егер мұндай ақпарат ұсынылмаса немесе толық берілмесе, Мемлекеттік кірістер комитетінің оны анықтайтын нақты тетігі жоқ. Себебі банк шоттарындағы ақша қозғалысы туралы мәліметтер салық органдарына берілмейді.

Бұдан бөлек, мұндай тұлғалардың барлығы бірдей электрондық шот-фактуралар мен бақылау-кассалық машиналарды қолданбайды. Бұл да салықтық бақылау жүргізуді қиындатады.

Нұрай Әкіремхан

Нұрән Әділет – Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының білім саласына маманданған тілшісі. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ды “қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы бойынша тәмамдаған. Филология ғылымдарының магистрі. Еңбек жолын ШҚО-дағы “Өскемен” газетінде корректор, артынша тілші болып бастаған. 2022 жылы “Jana Bastau” газетінде редактордың орынбасары болған. Әр жылдары Inbusiness.kz сайтында корректор, Qaz365.kz порталында тілші, Kursiv Media-ның Business News бөлімінің тілшісі болып жұмыс істеген. 2026 жылдың наурыз айынан бастап Tizgin.kz порталының арнайы тілшісі.
Back to top button