“Қант алуға шығып кеткен”: Ақтөбеде ерлі-зайыпты 27 жылдан бері ұлын таппай жүр
Ақтөбелік ерлі-зайыпты 27 жылдан бері із-түссіз жоғалған ұлдарын таппай тығырыққа тірелген. Үйдің тұңғышы Руслан Сабыров дүкенге қант алуға шығып, хабар-ошарсыз кеткен, деп хабарлайды 31 арна.
Содан бері азаматты көрдім-білдім деген жан табылмапты. Бірақ ата-ананың үміті үзілген емес. Олар балаларының тірі екеніне сенімді. Сондықтан іздестіру жұмыстарын бір сәтке де тоқтатпаған.
Сексенге таяған Алмаш Сабырова арада 27 жыл өтсе де, ұлын бір күн де ойынан шығармаған. Руслан 1999 жылдың 22 наурызында үйден қант алуға шығып кеткен екен. Содан үйіне қайтып оралмаған. Ата-анасы полицияға да арыз берген. Бірақ әлі күнге дейін көрдім білдім деген тірі жан табылмапты.
“Тірі екеніне сенімдімін. Бірінші кездерде, әлбетте, жүрегім дүрсілдеп, жаңағы, тұла бойым дірілдеп, біреу өтіріп тастады ма деп. Өлтіріп тастаса, ең болмағанда сүйегі табылады ғой деп ойладым да. Полициялар да сөйтіп айтты: «Өлтіріп тастаса сүйегі табылмай ма?» – дейді анасы Алмаш Сабырова.
Ата-анасының айтуынша, Руслан Сабыров жоғары оқу орнын заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгерген. Отбасын құрып, өмірден өз орнын тапқан азамат. Үйден шыққан кезде жасы 29-да болыпты.
Сол жылдары жанұясы Хромтаудан Ақтөбеге қоныс аударып, шағын дәмхана ашқан екен. Алғашында дәмханаға қарызға тамақ ішетін жігіттер ұлымызға зиянын тигізді ме?» деген күдік те болған екен. Алайда бұл жорамал да расталмаған көрінеді.
Ата-анасы бақсы-балгер аралап, табаны тозған жандар үміт үзбей, іздестіру жұмыстарын жалғастыра бермек. Қос қарияның бүгінгі жалғыз тілегі – ұлдары туралы қандай да бір хабар есту. Сондықтан Русланды көрген не оның тағдыры жайлы қандай да бір мәліметті білетін жандар болса хабарласуды сұрайды.