Жаңалықтар

«ARRIVO INDUSTRY»: Шу ауданындағы жаңа өндіріс нысаны іске қосылды

Шу ауданында өндіріс саласының әлеуетін арттыратын тағы бір маңызды инвестициялық жоба – «ARRIVO INDUSTRY» ЖШС-нің жаңа өндіріс орнының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Салтанатты іс-шараға Шу ауданының әкімі Бақытжан Оразалыұлы Жәнібеков қатысып, кәсіпорын ұжымын жаңа өндіріс орнының іске қосылуымен құттықтады. Аудан басшысы өз сөзінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде инвестиция тарту, өндірісті дамыту және жаңа жұмыс орындарын құру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Аудан әкімі соңғы жылдары «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағы арқылы көптеген инвестициялық жобалардың жүзеге асып жатқанын айтып, олардың өңір экономикасының қарқынды дамуына тың серпін беріп отырғанына тоқталды.

Өз сөзінде аудан басшысы биылғы бес айдың қорытындысы бойынша ауданға тартылған инвестиция көлемі 115,5 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 85,2 млрд теңгеге артқанын, ал нақты көлем индексі 365 пайызға жеткенін жеткізді. Сонымен қатар, 2026 жылы жалпы құны 443,7 млрд теңгені құрайтын бес ірі өндірістік жобаны іске қосу жоспарланғанын, ал бүгінде 1,13 трлн теңгені құрайтын 33 инвестициялық жоба бойынша нақты жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Іс-шараның құрметті қонағы ретінде Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Ералы Бауыржан Бейбітұлы арнайы қатысып, инвесторлардың құқықтарын қорғау, инвестициялық ахуалды жақсарту және өндірістік жобаларды мемлекеттік қолдау бағытындағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталды. Ол жаңа кәсіпорынның табысты жұмысына сәттілік тілеп, мұндай жобалар еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға елеулі үлес қосатынын атап өтті.

Жалпы құны 300 млн теңгені құрайтын жоба аясында механикаландырылған жылыту жүйесі бар сэндвич-панельдер мен металл конструкциялары өндіріледі. Кәсіпорын жылына 200 мың шаршы метрге дейін сэндвич-панель және 6 мың тонна металл конструкциясын шығаруға қауқарлы. Өндіріс орны 30 жаңа жұмыс орнын ашып, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

Жаңа өндіріс орнының іске қосылуы – Шу ауданының өндірістік әлеуетін арттырып, өңір экономикасының тұрақты дамуына және инвестициялық тартымдылығының күшеюіне бағытталған маңызды қадам.

Back to top button