ЕрекшеЖаңалықтар

Қазақстанда жер үйде тұратындар енді сақтандыру үшін ақша төлейді

Tizgin.kz. тілшісі премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтан міндетті сақтандыру үшін кім, қанша төлейтінін сұрады.

Келесі жылдан бастап жер үйлер сақтандырылады. Бір мәліметтерге қарағанда, үйдің құны 30 млн теңге болса, сақтандыру төлемі 20-дан 90 мың теңгеге дейін болады. Мемлекет жылдар бойы үйдің құрылысын дұрыс бақыламады. Саяжайларда үй салынды, саманнан соқты. Енді бақылағалы отыр. Сонда жер үйің болғаны үшін ғана ақша алып, жұртты шулатып аламыз деп қорықпайсыздар ма? Мемлекеттің бақылауынсыз салынған үйдің сапасы сын көтермесе, сақтандырудың өзі бос әуре емес пе? Бұл сұрақты Tizgin.kz тілшісі премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа қойды.

Вице-премьер ең алдымен бұл мәселеге дәл осылай акцент қоюға болмайтынын баса айтты.

“Өйткені, қазір ғана Азия даму банкімен және Дүниежүзілік банкпен табиғи апат кезінде тұрғын үйді міндетті сақтандыру деген жүйені әзірлеп жатырмыз. Әрбір үйдің иесі қанша төлейтіні белгісіз. Себебі есептеу керек. Мүмкін 5 мың теңге, нашар болса жылына мың теңге төлейді. Су астына қалса, жер сілкінісі болса, басқа да жайт орын алса тиісті өтемақысын сақтандыру компаниясынан ала алады. Сарапшылармен оны талқылап жатырмыз. Халықты қобалжытып, дау көтереміз дейтіндей қорқыныш жоқ. Үлкен-үлкен үйлердің иесі 50 мың теңге төлесе, онда оны қолжетімді, қолайлы деп ойлаймын. Ал егер ауылдағы қарапайым үйлерге 1-2 мың теңге, ары кетсе 5 мың теңге болар. Бұл міндетті болады, – деді Қанат Бозымбаев.

Оның айтуынша, жер үйлер жер сілкінісі, су тасқыны және өрт қаупі бар өңірлерде ғанаа міндетті түрде сақтандырылады.

“Биыл оны әлі зертейміз. Содан кейін оны Үкімет отырысында талқылаймыз, – деді Үкімет басшысының орынбасары.

Back to top button