Дастан Сәтбаевтың «Челсидегі» келесі ойыны қашан өтетіні белгілі болды
Дастан Сәтбаев «Челси» сапындағы кезекті ойынын 1 тамыз күні өткізуі мүмкін. Лондондық клуб Австралияда өтіп жатқан Sydney Super Cup маусымалды турнирі аясында өз принципті қарсыласы – «Тоттенхэммен» кездеседі, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Матч Сиднейдегі «Аккор» стадионында өтеді. Кездесу жергілікті уақыт бойынша 19:45-те, ал Қазақстан уақытымен 14:45-те басталады.
17 жастағы қазақстандық шабуылшы алғашқы жолдастық кездесуде өзін жақсы қырынан көрсетті. Ол «Уэстерн Сидней Уондерерске» қарсы матчта негізгі құрамда алаңға шығып, гол соқты.
Әзірге «Челсидің» бапкерлер штабы Сәтбаевтың «Тоттенхэмге» қарсы ойынға қатысатыны туралы нақты шешім қабылдаған жоқ. Бұл мәселе матч қарсаңында белгілі болады.
Айта кетейік, Австралиядағы турне аясында лондондық клуб алдағы уақытта «Ювентус», «Милан» және «Джохор Дарул Тазим» командаларымен де жолдастық кездесулер өткізеді.