TOP-2Пікір

Бір рет қана қаралатын фильмдерге жаным ашиды – Айсәуле Әбілда

Продюсердың айтуынша, мемлекет қаражатына бір рет қана көретін фильм түсіру – обал.

Илон Маск, Стив Джобстар ғана бір жобаны ұзақ жасайды деп ойлаймыз. Бізде де сондай тұлғалар бар. Мысалы, Мұхтар Әуезов саналы ғұмырының 25 жылын Абай жолын жазуға, Абайды зерттеуге арнаған.  Бұл туралы «Оян, қазақ» фильмінің бас продюсері Айсәуле Әбілда журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Мықты бабаларың бола тұра, неге өзіңді төмен санайсың?»

«Бір көріліп, ұмытылып қалатын фильмдерге жаным ашып, жүрегім ауырады. Мемлекеттің қаражатына түсірілген фильмде қанша адамның салығы бар. Ол ақшаның сұрауы бар. Оған бір рет қана көретін фильм түсіру – обал. Илон Маск, Стив Джобстар ғана бір жобаны ұзақ жасайды деп ойлаймыз. Бізде де сондай тұлғалар бар. Мысалы, Мұхтар Әуезов саналы ғұмырының 25 жылын Абай жолын жазуға, Абайды зерттеуге арнаған. Біздің де бабаларымыз сондай болған, сен де бола аласың. Қазір ауылдан қалаға күзетші болуға дайын болып келетін балалар бар. Өйткені өзіне сенімсіз, өзінің орны төменде деп ойлайды. Ал осындай керемет, мықты бабаларың бола тұра неге өзіңді төмен санауың керек?», – дейді продюсер Айсәуле Әбілда.

Алаш зиялыларының бейнесін экранға шығару неге қиын?

Ол Мұхтар Әуезовтың, Міржақып Дулатовтың, Ахмет Байтұрсыновтың видео түріндегі бейнесі жоқ екеніне өкініш білдірді.

«Америкада тұлғаларын қалай түрлендірсе де жарасады, өйткені ол кейіпкерлердің видео түріндегі алғашқы бейнелері бар. Ал біздегі кейіпкерлердің видео түріндегі алғашқы бейнесі жоқ. Фильм түсіру – көркемөнер. Көркемөнерде бәрі шынайы болу керек деген талап жоқ, ол жерде көп нәрсені түрлендіруге болады. Ал біз Алаш зиялылары туралы фильм түсіргенде арқамызда үлкен жүк болды, себебі олар туралы сапалы түсірілген деректі фильм де көп емес. Олардың бейнесі дұрыс шықпаса алаштанушы ғалымдар да «Мына жері шындыққа сай келмейді» деп шағымдануы мүмкін. Бұл – өте үлкен жауапкершілік. Кейіпкерлеріміз сәтті шыққанына қуанам», – дейді ол.

Продюсер Қазақстанда фильм түсірудің қандай қиындығы бар екенін айтты. Сөзінше, мысалы, бір ғимаратты түсіру туралы өтініш жазып, жауап алғанша қаншама уақыт кетеді.

“Америкада студент болып жүргенде фильм түсірдік. Ол жақта бәрі жүйелі. 3 күнде жауап береді десе – үш күнде жауап береді. Қандай құжаттар керек екені нақты айтылады. Айтқанын орындап отырсаң бәрі өз кезеңімен жылдам болады. Ол жақта өтініш жазу үлгісіне дейін бар. Ал Қазақстанда ондай жоқ. Біздің елде бюрократиялық мәселелер бар. Біз фильм түсіруден шаршамаймыз. Біз ұйымдастыру, рұқсат алу, келісімге келуден шаршаймыз. Уәдеге берік болмайтындар бар. Мысалы, фильм түсірген кезде Алаш зиялылары атқа мініп кетіп бара жататын көрініс бар. Ол көріністі түсіру үшін көп жылқы қажет болды. Арнайы адаммен күнін, уақытын келісіп, төлемін жасадық, бірақ 30-40 аттың орнына түсірілім алаңына 6 атпен келіп тұр. Ал алдын ала келісім қайда қалды?», – дейді ол.

«Қазаққа «Қолымыздан көп нәрсе келеді» деген идеология керек»

Еске сала кетсек, бұған дейін Tizgin.kz тілшісіне сұхбат берген ғалым Олжас Қуанбай қазаққа «қолдан көп нәрсе келеді» деген идеология керек екенін айтқан болатын.

«Қазақ жалқау, қазақ жалтақ» дегенді қою керек. Егер қазақ жалқау болса, ата-бабаларымыз сонау таңғы төртте малын өріске шығарып, қақаған қыста қанша отар мал баға алмас еді. Оған да үлкен еңбекқорлық қажет. Мал бағу – дәнді дақыл өсіру емес, мал – тірі тіршілік иесі, оның тілін тауып, баптай білу керек. Яғни, қазақ халқы алғаш жылқыны қолға үйреткен, тірі табиғаттың тілін ұға білген текті де дана халық болғандықтан «Қолымыздан көп нәрсе келеді» деген иедологияны тарату керек. Егер қазақ жалтақ болса ғасырлар бойы Алтайдан Атырауға дейінгі 5 Франция мен 7 Жапония сыятын кең-байтақ даламызды қалай алып қалды?! Ел мен жерді сақтап қалу үшін ең алдымен өзіміздің ұлттық құндылығымыз бен болмысымызды терең ұғынып, оны инновациялық даму жолында жапондар секілді тиімді пайдалана алуымыз керек», – дейді жас ғалым.

Back to top button