ЖаңалықтарОқиға

“Үйін сағынып кеткен”: Өскеменде әскерден өз бетімен кетіп қалған сарбаз табылды

Өскемен гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінен қашты деген мерзімді әскери қызметші табылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Бас әскери полиция не дейді

Бас әскери полиция басқармасы оқиғаның алдын ала себебін айтты. Соған сәйкес мерзімді әскери қызметші А. Е. Мархан облыс орталығынан 20 шақырым жерде ұсталып, әскери полиция бөліміне жеткізілді.

«Оның өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп жоқ. Аталған факті бойынша тексеру жүргізіліп, оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталуда. Алдын ала мәлімет бойынша, сарбаз үйін сағынып, қызмет орнын өз бетінше тастап кеткен», – делінген ресми ақпаратта.

Қысым болды ма

Тексеру барысында әскери қызметші командирлер мен бірге қызмет атқаратын әскери қызметшілер тарапынан жарғыға қарсы келетін қарым-қатынас, лауазымдық өкілеттілігін асыра пайдалану фактілері болмағанын айтқан.

Ол қалай жоғалды

Бұған дейін Өскемен гарнизонының әскери полициясы іздеуде жүрген азамат – Мархан Айқын Ерланұлы екенін мәлімдеген болатын. Ол 2004 жылы 31 наурызда туған. Өскемен қаласында орналасқан 27943 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызмет өткерген.

Алдын ала мәлімет бойынша, 2026 жылы 23 шілдеде таңғы сағат 06:30 шамасында әскери қызметші тәуліктік кезекшілік атқару кезінде әскери бөлім аумағындағы қызмет орнын өз еркімен тастап кеткен. Оқиға әскери бөлімнің ракеталық-артиллериялық қару-жарақ (РАВ) қоймасында кезекші қызметін атқару кезінде болған. Осыдан кейін оның қай бағытқа кеткені белгісіз. Бүгінгі күнге дейін орналасқан жері анықталмаған.

Back to top button