TOP-2Эксклюзив

Жұрттың бүйрегі кімге бұрады немесе Қазақстан банктерінің алты жылдық нәтижесі қандай

Алты жылда банк нарығындағы күштер қалай өзгерді

2019 жылы қазақстандықтар мен кәсіпорындардың екінші деңгейлі банктердегі қаражаты 17,5 трлн теңге болса, 2025 жылдың соңында ол 49,0 трлн теңгеге жеткен. Яғни алты жыл ішінде көрсеткіш 31,6 трлн теңгеге өсіп, шамамен 2,8 есеге артқан. Алайда өсім барлық банкте бірдей болған жоқ. Бірі бұрынғы көшбасшылық орнын сақтап қалса, енді бірі бірнеше есе өсіп, нарықтағы салмағын арттырды. Tizgin.kz Ұлттық банктің деректерінен осындай тенденцияны байқап, банк жүйесіндегі өзгерістерді шолып шықты.

2025 жылдың қорытындысы бойынша клиент қаражатының көлемі жөнінен Halyk Bank көш бастап тұр. Банктегі клиенттердің қаражаты 13,56 трлн теңгеге жетті. Екінші орында Kaspi Bank – 7,39 трлн теңге, үшінші орында Банк ЦентрКредит – 5,90 трлн теңге. Одан кейін ForteBank (3,35 трлн теңге), Отбасы банк (3,05 трлн теңге), Еуразиялық банк (2,02 трлн теңге), Bereke Bank (1,84 трлн теңге), Bank RBK (1,74 трлн теңге), Alatau City Bank (1,51 трлн теңге) және Freedom Bank (1,41 трлн теңге) орналасқан.

Инфокесте: AI/Tizgin.kz

Абсолют көлем бойынша Halyk Bank ешкімге дес бермегенімен, соңғы алты жылдағы өсім қарқыны бойынша басқа банктер алға шықты. 2019 жылдың соңында Halyk Bank-те клиенттердің қаражаты 6,21 трлн теңге болған. Алты жыл ішінде бұл көрсеткіш 7,35 трлн теңгеге ұлғайып, 13,56 трлн теңгеге жетті.

Ең үлкен серпілістің бірін Kaspi Bank жасады. Егер 2019 жылы банктің клиент қаражаты 1,55 трлн теңге болса, 2025 жылдың соңында 7,39 трлн теңгеге жетті. Осы кезеңде банкке тартылған қаражат 5,84 трлн теңгеге көбейіп, көлемі шамамен 4,8 есе артқан.

Инфокесте: AI/Tizgin.kz

Өсім қарқыны жағынан Банк ЦентрКредит те ерекше көзге түседі. 2019 жылдың соңында банктегі клиенттердің қаражаты 924,8 млрд теңге болса, 2025 жылдың соңында 5,90 трлн теңгеге жетті. Яғни банк алты жыл ішінде клиент қаражатын 4,98 трлн теңгеге көбейтіп, көлемін шамамен 6,4 есе ұлғайтқан.
ForteBank осы аралықта клиенттердің қаражатын 1,22 трлн теңгеден 3,35 трлн теңгеге дейін жеткізді. Өсім көлемі 2,13 трлн теңгені құрады. Ал Отбасы банк (2019 жылы – Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі) көрсеткішін 871 млрд теңгеден 3,05 трлн теңгеге дейін ұлғайтып, үш жарым есеге жуық өсім көрсетті.
Ең қарқынды дамыған банктердің бірі – Freedom Bank. Егер 2019 жылдың соңында банктің клиент қаражаты небәрі 220 млрд теңге болса, 2025 жылдың соңында ол 1,41 трлн теңгеге жетті. Бұл – алты жыл ішінде шамамен 6,4 есе өсім деген сөз.

Bank RBK де осы кезеңде айтарлықтай алға шықты. Банктегі клиенттердің қаражаты 487 млрд теңгеден 1,74 трлн теңгеге дейін көбейді. Еуразиялық банкте бұл көрсеткіш 771 млрд теңгеден 2,02 трлн теңгеге дейін өсті.

Қайта құрылымдаудан өткен Alatau City Bank (бұрынғы Jusan Bank) клиент қаражатын 635 млрд теңгеден 1,51 трлн теңгеге дейін жеткізді. Ал Bereke Bank (бұрынғы Сбербанк Қазақстан) 2019 жылғы 1,51 трлн теңгеден 2025 жылдың соңында 1,84 трлн теңгеге дейін өсті. Басқа ірі банктермен салыстырғанда өсім қарқыны төмен болғанымен, банк клиенттік базасын сақтап қалды.

Сонымен, соңғы алты жылда банк нарығындағы күштердің арақатынасы айтарлықтай өзгерді. Halyk Bank клиент қаражаты бойынша көшбасшылық орнын сақтап қалғанымен, Kaspi Bank, Банк ЦентрКредит және Freedom Bank әлдеқайда жоғары қарқынмен өсіп, нарықтағы ықпалын күшейтті. Бұл қазақстандықтардың банк таңдауда цифрлық қызметтердің қолайлылығына, онлайн сервистердің сапасына және ұсынылатын қаржы өнімдерінің ауқымына бұрынғыдан көбірек мән бере бастағанын аңғартады.

Back to top button