Мүгедектігі бар адамдарға несие төлемін қалай азайтуға болады
Мүгедектігі бар 26 мыңға тарта қазақстандықтың 48 млрд теңге несиесі бар. Борыштық жүктемені азайтып, несие берушілермен сотсыз келісуге қандай шаралар көмектесетінін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) өкілдері айтып берді, деп хабарлайды Tizgin.kz Kursiv.kz-ке сілтеме жасап.
Жалпы қарызы 8 млрд теңгеден асады
Анықталғандай, елде I және II топтағы мүгедектігі бар адамдардың берешегімен жұмыс істеу тәсілі өзгеріп жатыр. Әр қарыз алушының мүліктік жағдайы, отбасы құрамы және басқа да жағдайлар ескеріліп, қарастырылады.
Аталған агенттік мәліметінше, қазір I және II топтағы мүгедектігі бар 105,6 мыңнан астам қазақстандықта жалпы алғанда 262 млрд теңге несие бар. Оның ішінде 26,3 мың адам 48 млрд теңгеге берешегін өтей алмай жүр. Алматыда несие төлей алмай жүрген мүгедектігі бар 10 мыңға жуық адамның жалпы қарызы 8,6 млрд теңгеге жеткен.
Азаматтардың осы санаты үшін ҚНРДА Алматы әкімдігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, сондай-ақ Әділет министрлігімен тізе қосып, берешекті кешенді реттеу аясында пилоттық жобан жүзеге асырылып жатыр.
Қарыз өтеудің жаңа кестесі ұсыныла ма
Қарыз алушыларға төлемдерді кейінге шегеру, қарызды қайта құрылымдау, несие мерзімін ұзарту, я болмаса өтеудің жаңа кестесі ұсынылуы мүмкін.
Егер төлем қабілеттілігін қалпына келтіру мүмкін болмаса, азаматтарға банкроттық рәсімінен өту тәртібі түсіндіріледі.
“Тақырып қарыздарды жаппай кешіру туралы емес, азаматтың төлем қабілеттілігін қалпына келтіріп, міндеттемелерін шамасы келетін шарттармен орындай алуына жағдай жасау жөнінде”, – деді ҚНРДА Әлеуметтік жобалар және қаржылық сауаттылықты арттыру департаментінің директоры Александр Терентьев.
Әлеуметтік осал санаттағыларға мүмкіндік
Биыл 1 шілдеден бастап finkelisim.kz цифрлық платформасы жұмысын бастады. Ол арқылы бірнеше несиесі бар қарыз алушылар берешекті реттеуге бір ғана өтініш бере алады. Сервисті екі немесе одан да көп несие беруші алдында 90 күннен астам мерзімі өткен қарызы бар, ал қарыз сомасы 648 мыңнан 6,9 млн теңгеге дейін болатын азаматтар пайдалана алады.
Әлеуметтік осал санаттарға ай сайынғы төлемдерді азайту және төлеу мерзімін ұзарту секілді өтеудің қолайлы шарттары қарастырылған. Бірінші кезеңде 350 мыңға жуық қарыз алушы платформаның әлеуетті қатысушысы атануы мүмкін.
Келер жылдың 1 қаңтарынан қаржы омбудсманы жұмысының жаңа ережелері күшіне енеді. Ал алдағы уақытта көмек көрсетудің барлық тетігін Бірыңғай берешекті реттеу орталығына біріктіру жоспарланып отыр.