TOP-2Жаңалықтар

Wildberries Ресейдегі дрон шабуылдарынан кейін Қазақстаннан шұғыл қойма іздеп жатыр

Wildberries Қазақстандағы барлық бос қойманы жалға алуға дайын

Wildberries Қазақстандағы бос қойма орындарын іздеуге кірісті. Компания ел аумағындағы қолжетімді қойма алаңдарының барлығын жалға алуға дайын, деп хабарлайды «Коммерсантъ» басылымы.

RWB тобына қосымша логистикалық нысандар Ресейдегі объектілерге жасалған жаппай дрон шабуылдарынан кейін қажет болған. Осыған байланысты компания сатушылар тауарларының бір бөлігін Қазақстандағы қоймаларға бағыттауы мүмкін.

Қазақстандағы бос қоймалардың барлығын жалға алуға дайын

Басылым мәліметінше, Wildberries Қазақстандағы бос тұрған қойма алаңдарын белсенді түрде қарастырып жатыр. Компания елде қазір қолжетімді барлық бос қойманы жалға алуға әзір екені айтылады. RWB баспасөз қызметі компания жұмыс істейтін елдерде логистикалық нысандар салу бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Бірқатар нысанды жақын арада пайдалануға беру жоспарланған.

«Қазір барлық ұйымдастырушылық күш тауарларды әртүрлі қоймалар арасында қайта бөлуге бағытталған. Бұл олардың айналымын тиімді ұйымдастыруға және серіктестердің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деп түсіндірді компания өкілдері.

Ресейде қойма иелері қауіптеніп отыр

Жылжымайтын мүлік нарығындағы дереккөздердің айтуынша, Wildberries Ресей аумағында да жаңа қоймаларды іздеуді жалғастырып жатыр. Алайда компанияға қажетті алаңдарды жалға беретін серіктестерді табу қиындай түскен. Қойма иелері ықтимал қауіп-қатерлердің жоғары болуына байланысты нысандарын жалға беруге асықпай отыр. Соның салдарынан Wildberries тауар ағынын компания жұмыс істейтін басқа елдерге, соның ішінде Қазақстанға қайта бағыттау мүмкіндігін қарастырған.

Ресейдегі Wildberries қоймаларына дрондар соққы берді

Еске сала кетсек, бұған дейін Украина дрондары Wildberries қоймаларына тағы соққы жасағаны туралы жаздық. Украина әскері 22 шілдеге қараған түні Ресейдегі Wildberries маркетплейсінің екі ірі логистикалық орталығына дрондармен шабуыл жасады. Салдарынан ондаған адам зардап шегіп, қоймалардағы жұмыс уақытша тоқтатылды. Wildberries қоймаларына шабуылы салдарынан Қазақстан кәсіпкерлері 1,5 млрд теңге шығынға батқан.

Back to top button