Жаңалықтар

“Тәрбием жібермейді”: Аша Матай заңгер Мейірман Шекеевпен дебатқа шығудан бас тартты

Құрылтай депутаттығына кандидат ретінде тіркелген әнші Ақбота Асқарбекова (Аша Матай) өзін дебатқа шақырған заңгер Мейірман Шекеевке жауап берді, деп хабаралайды Tizgin.kz.

Әнші не дейді

Аша Матай “әнші саясатпен айналыспауы керек” деген пікірмен келіспеді. Бұған дейін оған осы сипатта сын көп айтылған еді. “Көрермендерімнің мұңы мен алаңдаушылығын заң жүзінде реттеуге мүмкіндігім бола тұра үнсіз қалғым келмейді” дейді ол. Әнші сонымен бірге осы уақытқа дейін қайырымдылық көмек көрсеткенін де айтты.

“Съез кезінде кейбір журналистер хайп жинап, менің сұхбатымнан үзінді салып, заң білмейді деп көрсеткісі келген. “Заң білмейтін адамға Құрылтайға барудың керегі не” деп адамдарды алдауға тырысыпты. Журналистердің бұл қылығы біреудің тапсырмасымен жасалуы әбден мүмкін. Менің жауабым біреу. Мен жоғары білімді заңгермін. Мен жоғары білім флагманы – “Әл-Фараби” атындағы ҚазҰУ-да халықаралық құқық факультетін күндіз оқып бітіргенмін. Одан бөлек журналистика факультетін бітіріп, магистратура білімін алғанмын. Демек, Құрылтайға заңгер баруы керек болса, онда ол – мен”, – дейді ол.

Әнші сонымен қатар өзін пікірталасқа шақырып жүрген “кейбіреулер бар екенін” атап өтті.

“Анамның үйреткені “қазақ қызына жеке мүддесін дәлелдеу мақсатында ел ағасы жасындағы ер адаммен сөз таластыру жараспайды”. Айтарым бар, арманым бар  дей келе тәрбием жібермейді. Дұрыс түсінесіздер деп ойлаймын. Көкірегімді дәлелдеу үшін дауласуға жоқпын. Ел үшін бірігіп жұмыс істеуге бармын. Тырнақ астынан кір іздемей, бірге жұмыс істейікші, ағалар”, – дейді ол.

Заңгер әншіні дебатқа шақырды

Бұған дейін белгілі заңгер Мейірман Шекеев “өз тағдырымызды солардың қолына ұстатайын деп отырмыз” деп пікір білдіріп, Аша Матайды дебатқа шақырған еді.

“Сайлауға түсушілер елге келу керек. Менің Аша Матайдың дебатқа шақырғаным әлі де өз күшінде. Кеше Аша Матайдың бір журналистке берген жауабы кезінде жанында біреудің сыбырлап айтып тұрғаны желіде тарады. Мен Аша Матайды сыбырлайтын адамдарымен қоса дебатқа шақырамын. Қасына бес адам ертіп келсе де, мен жекпе-жекке шақырамын. Аша Матайдың дәрежесін түсіру үшін емес, сайлауға барған адам шыңдалу керек, халықтың жағдайын білу керек”, – дейді ол.

Заңгер елдегі заңдардың біршамасымен келіспей, оларды қисық деп атады. Сол құжаттарды түзеу енді әншілердің міндетіне жүктелгелі отырғанымен заңгер келіспейді.

Back to top button