Отбасы банк ипотекаға жарамды тұрғын үй тізімін кеңейтті: қандай өзгерістер енгізілді?
Жаңа талаптардың енгізілуі ипотека арқылы сатып алуға болатын тұрғын үйлердің санын көбейтеді.
Отбасы банк ипотекалық несие бойынша кепілге қабылданатын тұрғын үйге қойылатын талаптарды жаңартты. Енді банк панельді үйлердегі пәтерлерді бұрынғыдан 10 жылға ұзақ пайдалану мерзімімен кепілге қабылдайды, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы Krisha.kz сайтына сілтеме жасап.
Сонымен қатар бұрын банк талаптарына сәйкес келмеген СИП-панельдерден салынған жеке тұрғын үйлерге де ипотека рәсімдеуге мүмкіндік берілді.
Панельді үйлерге қойылатын талап жеңілдетілді
Банк енді бетон және керамзитбетон негізіндегі панельдерден немесе плиталардан салынған тұрғын үйлерді кепілге қабылдайды. Бірақ несиеге өтініш берілген күні тұрғын үйдің пайдалану мерзімі 60 жылдан аспауы тиіс.
Бұған дейін бұл көрсеткіш 50 жылмен шектелген болатын.
Панельді үйлердегі пәтерлерге ипотека қалай өзгереді?
Бұрын:
Ипотеканы пайдалану мерзімі 50 жылдан аспайтын, яғни 1976 жылдан бері салынған панельді және бетон үйлердегі пәтерлерге ғана рәсімдеуге болатын.
Енді:
Үйдің пайдалану мерзімі 60 жылға дейін ұзартылды. Яғни енді 1966 жылдан бастап салынған үйлердегі пәтерлер де банк талаптарына сәйкес келеді.
Осының арқасында 1960–1970 жылдары салынған панельді үйлердегі пәтерлерді ипотека арқылы сатып алу мүмкіндігі артады. Мұндай үйлер әсіресе Алматы қаласының Әуезов, Алмалы және Түрксіб аудандарында көп орналасқан.
СИП-панельдерден салынған үйлерге де ипотека беріледі
Отбасы банк СИП-панельдерден салынған жеке тұрғын үйлерге қатысты талаптарды да өзгертті.
Бұрын:
Мұндай үйлер кепілге қабылданбайтын.
Енді ипотека рәсімдеу үшін мына талаптар сақталуы керек:
- үйдің пайдалану мерзімі өтініш берілген күні 5 жылдан аспауы қажет;
- үй сертификатталған СИП-панельдерден салынуы тиіс;
- бетон, темірбетон плиталары немесе бут тасынан жасалған берік іргетасы болуы керек;
- ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары толық аяқталған болуы қажет;
- үй су, жылу, кәріз және электр жүйелеріне толық қосылған болуы тиіс.
Сатып алушылар үшін қандай мүмкіндік туады?
Жаңа талаптардың енгізілуі ипотека арқылы сатып алуға болатын тұрғын үйлердің санын көбейтеді.
Енді сатып алушылар қайталама нарықтағы, оның ішінде ескі панельді үйлердегі пәтерлерді де таңдай алады. Бұл әсіресе кеңестік кезеңде салынған үйлер басым аудандардағы тұрғындар үшін тиімді болмақ.