Абылай Мырзахметов бостандыққа шықты
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы төрағасы, осыдан екі жыл бұрын алаяқтық жасағаны үшін сотталған Абылай Мырзахметов бостандыққа шықты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Қалай ерте шықты
Павлодар облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, сот Абылай Мырзахметовті босату туралы шешімді биылғы ақпан айында қабылдаған. Ведомствоның хабарлауынша, Абылай Мырзахметов жазасын өтеу барысында төрт рет көтермелеуге ие болған. Соңғы көтермелеу 2025 жылдың қазан айында берілген.
«Абылай Мырзахметов жазасын өтеу кезеңінде төрт мәрте көтермеленді. Соңғы көтермелеуді 2025 жылдың қазан айында алды. Мінез-құлқының екінші оң дәрежесі мен жеңілдетілген жағдайда ұсталуы оған жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түріне ауыстыру туралы өтінішхат беруге құқық берді. Сотталған осы мүмкіндікті пайдаланды», – деп мәлімдеді Павлодар облысы бойынша ҚАЖ департаменті.
Айта кетейік, бұл шешімді Павлодар облыстық соты қабылдаған. Жазасының өтелмеген бөлігі – бір жылдан сәл асатын мерзім ішінде сотталған Абылай Мырзахметов тұрғылықты жері бойынша пробациялық бақылауда болады. Оған тұрақты тұрғылықты мекенжайын өзгертуге, пробация қызметіне ескертпей облыс аумағынан тыс жерге шығуға және ойын-сауық орындарына баруға тыйым салынған.
Абылай Мырзахметов не үшін сотталды
Абылай Мырзахметов жазасын Павлодар облысындағы №46 мекемеде өтеген. 2025 жылдың көктемінде аталған мекемеде биг-бэг қаптарын тігетін тігін цехы ашылған болатын. Сол кездегі іс-шараның бейнежазбасын Бас прокуратураның Telegram-арнасы жариялаған еді.
Бейнежазбада сотталған Абылай Мырзахметов колонияда еңбек етіп жүргенін айтып, 2024 жылдың қыркүйегінен бастап өзі шағын топтағы сотталғандармен бірге өндіріс ұйымдастырғанын, инвестор тапқанын және алты айдың ішінде 120 жұмыс орнын ашуға ықпал еткенін мәлімдеген. Оның айтуынша, сотталғандар спорттық киімдер тігіп, ағаш пен металдан түрлі бұйымдар дайындайды. Ал қажетті құрал-жабдықтар мен жұмыс орындарын кәсіпкерлер қамтамасыз еткен.
Екі жыл бұрын Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы басшысы Абылай Мырзахметов 5 жылға бас бостандығынан айырылған. Сот процесінде Абылай Мырзахметовтың 2022 жылғы мамыр айынан қазанға дейін Б.-ға ақшалай сыйақы үшін мемлекеттік және құқық қорғау органдарының жоғары лауазымды тұлғалары арқылы ағасы Б.-ты қамаудан босату және оған қатысты сотқа дейінгі іс жүргізуді тоқтату мәселесін шешуге мүмкіндігінің бар екендігін айтқаны анықталды. Ол алаяқтық жасау жолымен формальды түрде қарыз шарттарын ресімдей отырып, Б.-тың аса ірі мөлшерде 13,9 млрд теңге ақшалай қаражатын жымқырған. Сотталушы кінәсін мойындап, әділ жаза тағайындауды, қорғаушылар іс бойынша іс жүргізуді тоқтатуды сұраған еді.