TOP-2ЖаңалықтарТергеу

Нұрай Серікбайды өлтірді деген күдікті айыбын мойындамай отыр

Жәбірленуші тараптың адвокаты Нұрайдың ісі бойынша сот отырысы басталғанын хабарлады.

Бұл туралы жәбірленшуші тараптың адвокаты Аянхан Омаров мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Нұрайдың ісі бойынша сот отырысы сотталушыдан жауап алудан басталды. Ол өзіне тағылып отырған айыпты мойындамайтынын жеткізді», – деп жазды адвокат Аянхан Омаров әлеуметтік желідегі парақшасына.

Нұрай Серікбайдың өлімінен кейін: полицейлерге үкім жарияланды

Еске салсақ, 11 қаңтар күні Шымкент қаласының тұрғыны Нұрай Серікбай көптеген пышақ жарақатынан көз жұмды. Қылмысқа дейін күдіктінің оған қоқан-лоқы көрсетіп, соңына түскені хабарланған. Қыздың ата-анасы полицияға арыз жазғанымен, қылмыстық іс қозғалмаған.

Ал 16 қаңтарда Ішкі істер министрлігі қалалық полиция департаментінде қызметтік тексеру басталғанын мәлімдеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та құқық қорғау органдарының әрекеттерін тексеруді тапсырды. Осыдан кейін Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы жұмысынан босатылып, бірқатар қызметкерге салғырттық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Нұрай Серікбайдың ағасы тараған видеоларға қатысты мәлімдеме жасады

Нұрай Серікбайдың ағасы Сұлтан Серікбай әлеуметтік желілерге қарындасы жайлы тараған видеоларға түсініктеме берді. Ағасы бұл видеолар өздерінде бұрыннан болғанын айтты.

Оның айтуынша, Нұрайдың полиция бөлімшесіндегі видеосында қарындасының түрі шаршаңқы екені көрініп тұр.

«Ол жерде Нұрай моральдық әрі физикалық тұрғыда өз деңгейінде емес. Барынша қысым көрсетіп, манипуляциямен видеоға түсірген. Нұрайдан басқа ол бөлмеде бірнеше ер адам болған. Бізді кіргізбеген. Сол үшін барынша басынған», – дейді ол.

Күдіктінің есі дұрыс болып шықты

Бұған дейін “күдіктінің есі дұрыс емес” деген ақпарат тараған болатын. Алайда сот-психиатриялық сараптама қорытындысы бойынша оның есі дұрыс деп танылды. Бұл туралы Сенат кулуарында Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов айтты. Оның сөзінше, күдікті енді заң алдында толық жауап береді. Тергеу амалдары аяқталу сатысына жеткен.

«Сараптама нәтижесі алынды. Күдікті есі дұрыс деп танылды. Қазір қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», – деді Әділов.

Тараптар қылмыстық іс материалдарымен танысып жатыр

Маусым айында Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу толықтай аяқталып, қазір тараптардың іс материалдарымен танысу процесі жүріп жатыр.

Мұндай ақпаратпен жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаров бөлісті. Қорғаушының сөзінше, бүгінге дейін жәбірленуші тарап пен олардың өкілдері қылмыстық істің 1-ден 7-ге дейінгі томдарын мұқият зерделеп, көшірмелерін алды.

Адвокат айыпталушыны өмір бойына соттауды талап етті

Нұрай Серікбайдың ағасы Сұлтан Серікбай мен оның адвокаты Аянхан Омаров үндеу жасап, істі қарап жатқан сотқа сенетіндерін мәлімдеді. Сонымен қатар, олар айыпталушыны өмір бойына соттау керек деп отыр.

Жәбірленушінің айтуынша, прокуратура Нұрайға 36 рет пышақ сұғылғанын атап көрсеткен.

«Бірінші рет алты рет сұққан, содан кейін айналып келіп 30 рет сұққан. Оның бәрін куәгерлердің көзінше жасаған. Жеке өз ойым: алты рет пышақ сұғылғаннан кейін Нұрай тірі қалар ма еді? Өйткені 30 соққыдан кейін жаны қатты қиналғаны көрініп тұр. Пышақтың жай пышақ емес екенін айтып өткім келеді. Кизляр пышағы екені айтылды. Кизляр пышағы тапсырыспен ғана аңшылыққа арналып арнайы металдан жасалады. Өте қатты, жуан, соққысы өте ауыр болады. Сот әділ шешім қабылдайды деп сенеміз», – деді Сұлтан Серікбай.

Адвокат Аянхан Омаров  қылмыс аса қатыгездікпен жасалғанын, сол үшін айыпталушыны өмір бойына бас бостандығынан айыруды талап ететіндерін айтты.

«Сол жазаға жеткізу үшін бар күш-жігерімді, білім-білігімді, тәжірибемді бағыттаймын. Халықтың арасында арандатарлық әрекеттерге бармайды сұраймын. Себебі біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Сотқа сенім білдіреміз. Істің соңғы нүктесін сот қояды деп сеніп отырмыз», – деді адвокат.

 

Back to top button